Еуро-2025: Қазақстан Арменияны жеңді
Қазақстан Арменияны жеңді. Әйелдер арасындағы футболдан 2025 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
С лигасында өнер көрсететін ұлттық командамыз бұл жолы Армения қыздарымен кездесті. Матч Алматыдағы Орталық стадионда өтті және алаң иелерінің айқын басымдығымен аяқталды. Қорытынды есеп: 4:1. Қазақстан сапынан Александра Бурова, Аида Гайстенова, Бибігүл Нұрышева және Әселхан Тұрлыбекова мергендігімен көзге түсті. Осылайша, Мадияр Кембілов баптайтын қазақ қыздары іріктеу кезеңіндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Топтық кезеңнің 4 турынан кейін ұлттық құрама 3 ұпаймен ең төменгі сатыда тұр. Ұпай көрсеткіші жағынан Болгариямен тең. Ал топ басына Румыния және Армения командалары жайғасты.
Рыбакина Париж Олимпиадасына қатысады
Рыбакина Париж Олимпиадасына қатысады. Қазақстандық теннисші бұл жөнінде Францияда өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінде мәлімдеді. «Анығы, Париж Олимпиадасында жекелей сында өнер көрсетуге күш саламын. Ал енді жұптық сында ойнаймын ба, жоқ па, оны ақылдасатын боламыз», - деді Елена Рыбакина. Егер ол аралас жұптық сынға да қатысатын болса, тағы бір қазақстандық Александр Бубликпен бірге бақ сынайды. Айта кетейік, Елена Рыбакина осының алдындағы Токио Олимпиадасына да қатысып, 4-ші орынға тұрақтаған болатын. Қола жүлде үшін ойында украиналық Элина Свитолинадан ұтылды. Дәл осы қарсыласпен бірер күн бұрын Франция ашық чемпионатында кездесіп, 6:4, 6:3 есебімен жеңді. Соның арқасында Елена Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шықты. Жерлесіміздің кезекті қарсыласы әзірге белгісіз. Белгілісі, ресейлік Элина Аванесян және италиялық Ясмине Паолини матчындағы жеңімпазбен жолығады. Париждегі байрақты бәсеке 10 маусымға дейін жалғасады. Ал оның жалпы жүлде қоры 53 миллион 500 мың еуроны құрайды.
Жәнібек Әлімханұлы дайындыққа кірісті
Спаррингті бастадық. Алда 100 раунд күтіп тұр. Бұл жөнінде қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мәлімдеді. Кәсіпқой боксшымыз қазір кезекті кездесуіне дайындалып жатыр. «Жаттығу жоғары деңгейде өтуде. 13 шілдеде қазақ стилін көрсетіп, жарқын жеңіске жетеміз», - деді Жәнібек әлеуметтік желідегі парақшасына қалдырған жазбада. Айта кетейік, ол алдағы айда Жаңа Зеландия атынан шығып жүрген ресейлік Андрей Михайловичпен жолығады. Андрей бүгінге дейін жеңіліп көрмеген. Кәсіпқой рингте 21 кездесу өткізіп, оның 13-інде нокаутпен жеңіске жетті. Соңғы рет сәуір айында шаршы алаңға шығып, автралиялық Лес Шеррингтонды ұтты. Бұл жекпе-жек те уақытынан бұрын аяқталды. 26 жастағы Андрей IBF тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа міндетті үміткер саналады. Ал Жәнібек осы белдіктің иегері, жерлесіміздің еншісінде орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық атақ бар. Енді осыны қорғауы қажет. Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой рингте 15 кездесу өткізіп,15-інде де жеңіске жетті. Соңғы рет былтыр қазан айында АҚШ-та жұдырықтасып, германиялық Винченцо Гуальтьериден басым түскен еді. Жәнібек пен Андрей арасындағы айқас Лас-Вегас қаласында болады.
Алматыда жасөспірімдер шағын футболдан ашық біріншілік өтті
Болашақ чемпиондар даярлығы. Алматы облысы Өтеген батыр кентінде шағын футболдан жасөспірімдер арасындағы ашық біріншілік өтті, деп хабарлайды 24kz.
Турнирге 16 команда қатысты. «Жарыстың мақсаты – жастарды спортқа баулу, оның ішінде ауыл балаларының қабілетін дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыру», - дейді ұйымдастырушылар. Көкмайса алаңда доп тепкен балалар бар шеберліктерін көрсетті. Үздік ойыншыларға бағалы сыйлықтар мен футбол формасы тарту етілді. Финалда қарсыластарын айқын ұтқан Байсерке ауылының өрендері Алматы облысының чемпионы атанды.