Қызылорда облысының тұрғыны үйін спортзалға айналдырған
Қызылорда облысындағы Дүр Оңғар ауылының тұрғыны үйін жаттығу залына айналдырған.
Елді мекенде спорт кешені жоқ. Болашақ чемпиондар мектеп жанындағы каратэ үйірмесіне қатысады. Оған сыймаған жоғары сынып оқушылары дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Серік Молдабековтің үйінің ауласында шеберлік шыңдап жүр. Шағын бөлмеде шыныққан чемпиондармен әріптесім Нұрлан Жақыпбеков кездесті.
Бекзат Болатбек 6 жылдан бері каратэ-домен шұғылданады. Облыстық біріншілікте төрт дүркін чемпион атанып үлгерген. Аядай ғана бөлмеде жаттығып жүрген жеткіншектің арманы асқақ.
Бекзат Болатбек, оқушы:
- Арманым әлі де даму, өсу, чемпион болу, Қазақстанда, әлемде осы ауылды таныту ғой арманым.
Қармақшы ауданындағы Дүр Оңғар ауылының балалары мектеп жанындағы каратэ үйірмесіне қатысады. Ал жоғары сынып оқушылары ауылдағы мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Серік ағайдың үйінде шеберлік шыңдайды.
«Ауылда спорт кешені болмағандықтан бос тұрған бұрынғы балабақша, дәріхананың бөлмелерін спорт залға айналдырған күндер болды. Кейін үйімнің ауласындағы екі бөлмелі уақытша баспанада спортшыларды жаттықтыра бастадым. Ең бастысы – ауылдың талантты ұл-қызының жасындай жарқырауына жол аштым», - дейді Серік Молдабеков.
Серік Молдабеков, жаттықтырушы:
- Халықаралықтан ең алғашқы жарысқа қатысқан Қарақұлов Ғалым деген оқушым болды. Сол жарысқа қатысқанда екінші орын алғанда төбем көкке жетті. Өйткені осындай шағын ауылдың ішінен дайындаған еңбегімнің шыққанын сезіндім. Тренердің ең бір жақсы бақыты ол оқушы, шәкіртінің жеңісін көру ғой.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Мына жерде 10,15,20 келі секілді гір тасының бірнеше түрі бар. Олардың бір ерекшелігі – трактордың, жүк көліктерінің шатун, каленвал секілді бөлшектерінен жасалған. Жалпы бұл бөлмедегі барлық жаттығу құралдары ауылшаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерінен құрастырылған екен.
Темір-терсек көтерсе де талай тұғырды бағындырған Дүр Оңғар ауылының спортшылары үшін жаңа спорт кешені салынып жатыр. Бұл нысанды биыл іске қосу жоспарланған.
Жанмұрат Сейілов, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы:
- Өткен жылы ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымды дамытуға байланысты тоғыз спорт кешені пайдалануға берілсе, биылғы жылы 15 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл соңғы екі жылдағы спорт саласына салынған ауқымды инвестиция деп білеміз. Бұл бүгінгі күнгі біздің қажеттіліктерімізден туындап отырған ауқымды жобалар.
Өңірде құрылысы жүріп жатқан жаңа спорт кешендерінің үшеуі Қармақшы ауданында бой көтеруде. Дүр Оңғардан бөлек Үшінші интернационал, Ақай ауылдарында да биыл тиісті талапқа сай жаттығу залы ашылады.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин