Спорт және туризм министрлігі шетелдік БАҚ беттеріндегі сынға жауап берді

"Қазақстанның Париж Олимпиадасында алтын алуы екіталай.

Оған 10 жыл бұрын басталған спорт саласындағы олқылықтар себеп болмақ". Осылай деп  ағылшын тілді Inside the Games (инсайд зе гэймс) сайты мақала жариялады. Орталық Азия елдерінің спорт саласын талдаған материалда "Қазақстан билігі проблемалардың бар екенін біледі. Әсіресе Ханджоудағы Азия ойындарынан соң түбегейлі реформаларға барып жатыр" деп жазады. "Алайда 10 жыл бұрынғы қателіктер 10 айда кете қоймас" деп, елдің қазіргі жарыстардағы жетістікке жетуіне күмән келтіреді. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мақаладан хабардар екенін айтып, бұл  бағытта тиісті жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізді. Олимпиаданың алғашқы екі күнінде-ақ бір алтын, екі қоланың болуы бағдардың дұрыс екендігін білдіреді дейді.

"Сарапшылар Қазақстанның алтын алуына күмәнмен қарайды. Бұған осы елдің спорт саласындағы 8-10 жыл бұрын басталған олқылықтар себеп. Осыны ескерген Қазақстан Азия ойындарынан кейін тиісті реформаларға барып жатыр. Бірақ уақыт жеткілікті ме?"

Диас Ахметшәріп, ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі:

 «Әрине ол мақалада айтылған көптеген мәліметтермен біз келісеміз. Өйткені бізде спортта үлкен проблемалар бар. Оны біз жасырмаймыз. Соңғы 10-12 жылда спорт жүйесі құлдырап кетті. Оның себептері де бар. Бірақ енді қазір Мемлекет басшысы Президентіміз өткен жылдың күзінде қайта құру жұмыстарын өткізіп, реформа жасап, Туризм және спорт министрлігі ретінде бөлек шығарды. Жаңа министр - Маржықпаев Ермек Боранбайұлын тағайындады. Ол кісі спорт адамы, енді ақырындап, спорт жүйесін қалыптастырып келе жатырмыз. Бұл - бір күнде шешілетін нәрсе емес. Әрине, бұған уақыт керек».