Елордадағы «Абырой» спорт кешенінде 400-ден астам адам жаттығады
Бүгінде елордадағы «Абырой» спорт кешенінде 400-ден астам адам жаттығады.
Оның 300-ге жуығы бала. Олар уақыттарын тиімді пайдаланып, жаттығу жасап, кез келген спорт түрімен кәсіби тұрғыда шұғылдана алады.
Мемлекеттік Күзет Қызметіне қарайтын “Абырой” спорт кешені 2000 жылдардан бері жұмыс істеп тұр. Бүгінде күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи жаттығу залына айналды. Ішінде салауатты өмір салтын ұстанатындарға барлық жағдай жасалған.
Ринат Кемешев, “Абырой” спорт кешенінің басқарушы директоры:
- Абырой спорт кешені жөндеу жұмыстарынан кейін спортпен айналысамын деген қала тұрғындарына есігіміз айқара ашық. Және айта кететін болсақ, әлеуметі төмен отбасыларға жеңілдіктер қарастырылған. Қазір дзюдо, бокс өзге спорт түрлері де қолжетімді. Басты мақсат келешекте олимпиада спорт шеберлерін дайындайтын бірегей спорт базасына айналу.
Кешенде 20 шақты спорт түрі бар. Негізгі басымдық олимпиадалық ойын түрлеріне берілген. Жасөспірімдердің дзюдо, бокс, қазақ күресімен және шығыс жекпе-жек түрлерімен кәсіби тұрғыда айналысуға мүмкіндігі жоғары.
Дәурен Оразұлы, қала тұрғыны:
- Осы спорт кешеніне ұлым да, қызым да келіп жүр. Отбасымызбен келеміз. Қызым бассейнге, ұлым дзюдоға барады. Ұнап жатыр.
Әмір Қуанышбай, жас спортшы:
- Қазір 13 жаста болсам, дзюдомен 6 жасымнан бері айналысамын. Осы 7 жыл дзюдода мен көптеген халықаралық, республикалық, қалалық жарыстарға талай қатысып, көптеген жарыстардан жүлделі орындармен қайтқанмын. Басында әрине көбіне ұтылып жүрдім. Бірақ көп тер төгіп, барынша тырысқанның арқасында, тәртіптің арқасында көптеген жетістікке жеттім.
Мерей Қанапия, тілші:
- Мен де кезінде дзюдомен 5 жыл айналысқанмын. Барлық әдіс-тәсілін білемін. Енді сол сәтті жас спортшылармен күресіп, сезінгім келіп тұр.
Балалардың арасынан республикалық тіпті халықаралық сайыстардың жүлдегерлерін кезіктіруге болады. Барлығы әлем чемпионаттарында топ жарып, олимп шыңын бағындыруды армандайды.
Айзере Нұртай, жас спортшы:
- Мен боксшымын. Бокстан басқа жүзумен айналысамын қосымша. Үлкен жетістіктерге жетіп, ата-анамның үміт ақтағым келеді.
Жанболат Балтабай, жас спортшы:
- Мен осы “Абырой” спорт кешеніне 2 айдан бері қатысып, келіп жүрмін. Халықаралық жарысқа барып, 2-орын алып келдім. Күміс медалім үйде тұр.
Сондай-ақ кешенге жеке көрсеткіштері жоғары жаттықтырушылар таңдалып алынады. Олар республикалық немесе халықаралық деңгейдегі спорт шебері немесе спорт шеберлігіне үміткер болуы тиіс.
Олжас Жұмабаев, жаттықтырушы:
- Дзюдо бойынша 65 баладай бар. Дайындық жақсы. Мықты балалар бар үміт артатын. Қазір жақсы балалар бар. Аптасына 3 рет дайындалады. Күніне 3 тренировкадан.
Кешен қызметкерлерінің басты мақсаты- балалардан олимпиада чемпионын шығару емес керісінше әр қатысушыны елдікке баулып, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Мерей Қанапия, Өрден Жарқын