Биыл Жетісу облысында алты спорт кешені ашылды

Жетісу облысының Алмалы ауылында  жаңа спорт кешені ашылды.

Аумағы мың шаршы метрден асатын нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен салынды. Оған 1,5 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалып, республика күні қарсаңында ел игілігіне берілді.

Алмалының спортқа жаны құмар жасөспірімдері енді Сарқанға сабылмай өз ауылында жаттығады. Осыған дейін олар аудан орталығына қатынап, жол азабын тартқан еді. 

Ералы Қайрақбай, жас спортшы:

- Қыстыгүні суық сосын машинамен барып жүрдік. Өзіміздің ағай бізді апарып алып келіп сөйтіп бізге тренировка жасатып жүрді. 

50 орынға шақталған кешенде волейбол, баскетбол, бокс, күрес залдары бар. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сынды интелектуалды ойындарға да арнайы бөлмелер қарастырылған. Командалық спортпен шұғылданатындар  үшін далада жасанды төсеніш төселіп, алаң жасалды. 

Дүйсенбек Балыбеков, аудан тұрғыны:

- Бұрын осы ауылдан Айханов, Аманжол Бұғыбаев солар шыққан күрестен. Ол кісілер бұрын далада заниматься еткен. Бүгін енді немере шөберелеріміз осы кешенде дайындалып, келешекте үлкен спортсмендер шығады.

Облыс аумағында үлкен спорт ғимараттарымен қатар шағын блокты модульды кешендердің де құрылысы жүріп жатьр. Жыл соңына дейін шалғай ауылдарда салынған бірнеше нысан пайдалануға беріледі. 

Еркебұлан Дуанаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы

- Қазіргі таңда Кербұлақ, Панфилов және Ақсу аудандарында блочный модульді кешендерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Сарқан ауданында Жаңаталап ауылында, Ескелді ауданында аяқталуға жақын қалды.

Жетісу өңірінде биыл 9 спорт кешенін салу жоспарланып, соның алтауы ел игілігіне тапсырылды. Қалғандарының құрылысы келесі жылы аяқталады. Сол кезде Лепсі, Үшарал, Сарқан және Үштөбе қаласының жасөспірімдері жаңа ғимаратта жаттығады.   

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов