Астанада үстел теннисінен Азия чемпионаты аяқталды
Құрлықтық бәсекенің финалдық ойынын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тамашалады.
Дүбірлі додаға аймақтағы шағын ракетка шеберлері түгел жиналған. Бұл қатарда Олимпиада мен әлем чемпиондары бар. Кімнің асығы алшысынан түсті? Қазақстандық спортшылардың нәтижесі қандай?
Үстелде үстемдік көрсету үшін шапшаңдық пен шыдамдылық аздық етеді. Білек пен білімді қатар сынайтын спорт бұл. Сондықтан темірдей тәртіп пен тиянақты тактика болмаса жеңіске жету мүмкін емес. Міне, осы үшін де үстел теннисінің жанкүйері көп. Олардың қатарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.
Бұл үстел теннисінен Астанада өткен алғашқы Азия чемпионаты. Байрақты бәсекеге құрлықтың қырағылары түгел жиналған. 26 елден 200-ден аса спортшы келді. Финалдық кезең әйелдер арасындағы жекелей сыннан басталды. Ақтық сынға жапондық Мива Харимото мен Солтүстік Корей өкілі Ким Кум Ен шықты. Тартысты ойында Пхенья́н спортшысының асығы алшысынан түсті. Ал қалған жүлде жапон спортшыларының еншісінде.
Мима Ито, үстел теннисінен Азия чемпионатының қола жүлдегері:
- Мен өте қуаныштымын. Өйткені бұл менің мұндай жоғары деңгейдегі алғашқы жеңісім. Үздік үштіктен көріну оңай болмады. Өзге де отандастарымның ойынын бақылап отырмын. Барлығы керемет ойын өрнегін көрсетуде, бұл қуанышымды еселей түсті.
Ойынды көруге келген жанкүйерлердің де қарасы қалың. Аренада ине шаншыр орын жоқ. Жартысынан астамы шетел азаматтары. Астанаға келген қонақтар спортты ғана емес, жергілікті мәдениетпен де танысып жүрген көрінеді.
Үстел теннисіне жергілікті халықтың қызығушылығы да жоғары. Олар сүйікті спортшысын көріп, байрақты бәсекенің куәгері болғанына қуанышты. Отандық жанкүйерлер ұйымдастыру ісіне жоғары баға берді.
- Өте керемет. Ашылуында да болдым. Осы бір жетіде бәріне келіп, қатысып жүрдік. Өте керемет. Ұйымдастыру жағы да, қатысушы жақтары да барлығы өте жақсы деңгейде ұйымдастырылған.
- Әлемдік аренада деңгейімізді көтеруге себепкер болып жатқан жарық. Ал бүгінгі жарысқа шыны керек жапон спортшыларына жанкүйер болып келгенім бар. Себебі жапон спортшылары өздерінің керемет ойын тәсілдерімен көзге түседі. Иіріп алу техникасын өте қатты меңгеруімен маған ұнайды.
- Жақсы деңгейде өтіп жатыр. Осыдан кейін ойлаймын, талай қазақ балалары тенниске келеді деп. Соған сенімдімін. Көрдіңіз ғой толық зал, қандай қызығушылық.
Мүлгіген тыныштық. Қазір барлық назар ойын үстелінде. Мұндай жоғары деңгейдегі ойындардың кезінде артық дауыс пен қатты жарықтың өзі спортшыларға кері әсерін тигізеді. Сол үшін біз сыбырлап сөйлеуге мәжбүрміз. Міне, осындай үзілістердің кезінде ғана шапалақтауға болады. Сондай ақ көрермендерге суретке не видеоға түсіруге тыйым салынған. Дәл қазір жапондық спортшылар Азия алтынын жұптық разрядта сынға салуда.
Жапондық теннисшілердің Азиядағы үстемдігі дәл осы жұптық сайыста көрінді. Финалдағы қос құрама да күншығыс елінің өкілдері. Бес сетке созылған ойын Сатсуки Одо мен Сакура Йокои пайдасына шешілді.
Сатсуки Одо және Сакура Йокои, үстел теннисінен Азия чемпиондары:
- Ақтық сын қиын болды. Жеңіске жеткенімізге қатты қуанып отырмын. Соңғы сетте жаттықтырушымыз мінезбен ойнауды тапсырды. Соның арқасында жеңіске жеттік. Алдағы уақытта әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында жеңіске жетуді жоспарлап отырмыз. Ал Астанаға келер болсақ, өте суық қала екен. Тоңып қалдық.
Қазақстандық спортшылар командалық сында тарихи жетістікке жетті. Ұлттық құрама ширек финалға дейін жетті. Жігіттер жергілікті жанкүйерлердің алдында шеберліктерін көрсетуге тырысқан еді. Тек құрама көшбасшысы Кирилл Герасименко бапкерлер сенімін ақтай алмады. Дегенмен, 17 жастағы Алан Құрманғалиев өзін жақсы қырынан көрсетті.
Аслан Құрманғалиев, теннистен ұлттық құрама мүшесі:
- Біздің топта үш команда болды, соның бірі Солтүстік Корея спортшылары еді. Олар өте мықты қарсылас. Топтан бір ғана құрама шыға алады, сондықтан қайтсек те жеңіске жету керек болды. Біз бұл матчқа қатты дайындалдқы. Солтүстік Корея спортшылары әлемдік додаларға сирек шығады. Сол үшін ойын стилдері түгілі, бет әлпетінде білмедік.
Финалдық кездесулер ішінен ерлер арасындағы ақтық бәсекені көпшілік сарыла күткені белгілі. Әйелдер арасындағы жекелей сында жапондық Харимото әулетінің кенжесі Мива жеңіліп қалған еді. Оның ақысын ерлер арасындағы жекелей сынды ағасы Томоказу алып берді. Қытайлық қарсыласын жеңіп, алтыннан алқа тақты.
Елсияр Қанағатов, үстел теннисінен Қазақстан федерациясының вице-президенті:
- Азия чемпионаты халықаралық деңгейде өтті деп айтуға болады. Неге десеңіздер, халықаралық үстел теннисінің президенті осында болды. Басқа елдердің өкілдері жақсы деңгейде өтті деп айтып жатыр. Әлде де осындай жарыстарды өткізуге дайынбыз. Осындай жарыстар үстел теннисіне келетін жастарды көбейтеді. Ұйымдастыруға әлі де атсалысамыз.
Осылайша Азия алыптарының бәсекесінде жапондықтардың асығы алшысынан түсті. Қытай һәм корейлік спортшылар да оңай беріспеді. Айта кетейік, құрлық теннисшілері әлемде үздік саналады.
Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы