Қазақ күресі Кореяда паш етілді
Қазақ күресі Оңтүстік Кореяда паш етілді.
Чхунджу қаласында өткен жаһандық жекпе-жек форумында танымал спортшыларымыз Армат Есқазиев, Ерсін Сейтқазинов, Назерке Азаматова және Рауза Нұрмұхамбетова 12 елдің өкілдеріне қазақ күресінің негізгі әдістерін көрсетіп, жекпе-жектер өткізді. Форум ЮНЕСКО жанындағы жекпе-жек орталығында өтті. Іс-шарада Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын қорғау жөніндегі ұлттық комитет төрағасының орынбасары Рустам Мұзафаров сөз сөйледі. Ол форум қатысушыларына садақ ату, жамбы ату және аударыспақ сияқты қазақ ұлттық спорт түрлері туралы айтып берді. Қазақстандық делегациямен кездесу барысында жекпе-жек орталығының бас хатшысы Ким Гю Джик елімізбен ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді.
Ким Гю Джик, ЮНЕСКО жанындағы халықаралық жекпе-жек орталығының бас хатшысы:
- Әр елдің дәстүрлі жауынгерлік өнері – тарих пен мәдениетті сақтаушы маңызды мәдени мұра. Қазіргі уақытта біздің орталық Орталық Азияның жауынгерлік өнеріне терең зерттеу жүргізуде және бұл Қазақстанның дәстүрлі жауынгерлік өнерінің дамуына ықпал етеді деп үміттенеміз. Біз сіздің еліңізбен достық қарым-қатынас жалғасады және болашақта бірлескен жобалар болады деп сенеміз.
Рустам Мұзафаров, ҚР Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық комитет төрағасының орынбасары:
- Біз үшін қазақ күресінің сақталуы өте маңызды. Бұл мәселемен дәл осы ЮНЕСКО қарауындағы жауынгерлік өнер орталығы айналысады. Сондықтан бұл ұйым арқылы біз, өз өнерімізді, спорттық жетістіктерімізді насихаттауға мүмкіндік аламыз.