Елордада М. Өзтүрiктің жетпіс жылдығына арналған велошеру өтіп жатыр
Бүгін қазақ елінде таэквондоның негізін қалаған әйдік спортшы Мұстафа Өзтүріктің туған күні.
Есім-сойы түркі жұртына танымал тұлғаның құрметіне арналған велошеру басталды. Игі бастаманы қолға алған велошабандоз әрі арнамыздың тілшісі Ернат Рақметолла. Бір өзі салалық министрлік пен Қазақстан таэквондо федерациясы атқаруы тиіс шаруаны қолға алып, Мұстафаның өнегелі өмірін көпшілікке насихаттап жүр. Қазір Өзтүріктің есім-сойы спорт саласындағы басшылық тарапынан ескеріле бермейді. Осы олқылықты қатардағы әріптесіміз толтыруға тырысады. Ернат мұзбалақ спортшының 70 жылдығына арнап, 70 шақырымды жүріп өтеді. Ол атақты спортшыны таэквондо бәйтерегі деп есептейді. Сол үшін сапарын Бәйтерек монументінен бастады. Әрі қарай Мұстафа Өзтүріктің бабасы Қабанбай батыр кесенесіне барады. Осылайша салауатты өмір салтын насихаттап, қазақ түрік бауырластығына үлес қосуды мақсат еткен. Бұл Ернаттың 15-сапары. Бұған дейін әріптесіміз республикалық және халықаралық шерулер ұйымдастырған еді.
Ернат Рахметолла, журналист, велошабандоз:
- Мұстафа Өзтүрікке арналған велошерудің көздеген 4 мақсаты бар. Бірінші мақсат Мұстафа Өзтүрікті еске алу, рухына тағзым ету және ол кісінің өнегелі өмірін, еңбегін нахаттау. Ызғар суықта адамның мүмкіндіктерін көрсету, шыдам, төзім, саламатты өмір салтын ұстануды үлгі ретінде көрсеткім келеді. Ол кісі Түркияға да Қазақстанға да ортақ тұлға.