Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Әлем кубогында жүлдеге ілікті
Қазақстандық қыз-жігіттер Таиландтқа аттанды. Бірер күннен кейін бокстан Азия чемпионаты басталады. Ерлер арасында 12, әйелдер арасында 13 салмақта медальдар сарапқа салынады. Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте бірінші орын аламыз деген мақсат қойып отыр.
Қоржынымызда 6 медаль. Оның біреуі алтын. Оңтүстік Кореяның Санджу қаласында күрес түрлерінен халықаралық турнир өтті. Korea Open деп аталатын бәсеке – олимпиадалық салмақтар бойынша ұйымдастырылатын айтулы аламандардың бірі. Қазақстандық спортшылар арасынан әйелдер күресінде 76 келідегі Эльмира Сыздықова барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, жарыс жеңімпазы атанды. Ол финалда Тайпейлік спортшыны 8:7 есебімен жеңді. Бұған қоса ұлттық құрама сапындағы 66 келідегі Айбек Айтбеков және 77 келідегі Диас Сейітқалиев күміс жүлдегер атанды. Грек-рим күресінің өкілдері финалға дейін жетіп, шешуші белдесуде ғана есе жіберді. Ал Мақсат Сайлау, Темірлан Тұрдақын және Нұрасыл Аманәлі есімді спортшыларымыз өз салмақ дәрежелерінде үздік үштікті түйіндеп, қола жүлдеге қол созды.
Әлемдік аламанда жүлдеге ілікті
Қазақстан құрамасы Әлем кубогында жүлдеге ілікті. Семсерлесу бойынша дүниежүзілік дода Канаданың Ванкувер қаласында өткен. Қазақстандық жігіттер командалық сында өте сәтті өнер көрсетті. Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов және Ерлік Сертай төрттігі алғашқы айналымда Гонконг командасын ұтты. Ширек финалда Италия құрамасынан басым түсті. Ал жарытлай финада жапон жігіттеріне есе жіберді. Сәйкесінше қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алып, соңғы айқаста Франция командасын бір ұпай айырмашылығымен, яғни 35:34 есебімен жеңді.
Айта кетейік, жоғарыдағы жігіттер биыл Париж Олимпиадасында да ел намысын қорғаған болатын. Жазғы ойындардың командалық сынына Қазақстан өз тарихында алғаш рет қатысты. Қазір біздің жігіттер әлемдік рейтигте алдыңғы бестікте тұр.
Иван Дычко мен Виталий Кудухов кездеседі
Қазақстандық кәсіпқой боксшының келесі қарсыласына қатысты ақпарат пайда болды. Ол 27 желтоқсан күні Алматы қаласында өтетін бокс кешінде ресейлік Виталий Кудуховпен жолығады. Кейінгісі кәсіпқой рингте 9 кездесу өткізіп, оның жетеуінде жеңіске жеткен. Үшеуін уақытынан бұрын аяқтаған. Ал қазақстандық Иван Дычконың көрсеткіші: 13 жекпе-жек, 13 жеңіс. Ол соңғы рет биыл тамыз айында америкада жұдырықтасты. Мұхиттың арғы жағында жергілікті Крейг Льюиспен кездесіп, екінші раундта нокаутпен жеңді. Қос мықты арасындағы айқас алдағы айда Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді.
Еске сала кетейік, бірер ай бұрын спорт порталдары қазақстандық Иван Дычко мен өзбекстандық Бахадүр Жалолов кезедсуі мүмкін деген мәлімет таратты. Екеуі әуесқой бокста 4 рет кездесіп, төртеуінде де жерлесіміз жеңіске жетті. Қазір екеуі де кәсіпқой бокста өнер көрсетеді.