Азия чемпионаты: қоржында кемі 5 жүлде бар

Бокстан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынында кемінде 5 жүлде бар, деп хабарлайды 24kz.

Өйткені 5 спортшымыз сары құрлық біріншілігін жартылай финалдан бастайды.

Жарыс басталмай тұрып біріншіліктің жеребесі тартылған болатын. Қазақстан ерлер құрамасының мүшесі Бекзат Нұрдәулетов және аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбайдың салмағында тек 5 спортшыдан бар. Сол себепті олар жарысты жартылай финалдан бастайды. Яғни, ерлердің қоржынында 2 қола жүлде бар. Ал бұрымдыларымыздан жартылай финалда Наталья Богданова, Диана Мағауияева және Гүлсая Ержан жұдырықтасады. Олар да кемінде қола медаль алады.

Биылғы чемпионатқа 200-ге жуық боксшы келді. Оның жартысынан көбі ерлер. Олар 13 салмақ бойынша кім мықтыны анықтайды. Ал, әйелдер болса 12 салмақта жүлдеге таласады. Ұлттық құраманың бас бапкері өз шәкірттерінің басты қарсыластарын атап өтті. Осы жайлы айтқан пікірін тыңдап көрейік.

Қайрат Сәтжанов, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:

- Қазіргі уақытта ең мықты Америка, Еуропа басқа континенттерді алсақ, ең мықтысы біздің Азия құрлығы болып отыр. Жарыс жоғары деңгейде өтеді деген ойдамын. Қазір әлем және Олимпиада ойындарында бірінші орында жүрген ол Өзбекстан құрамасы. Ең басты қарсыластармыз сол деп ойлаймын.

Біріншілік тарихына көз жүгіртсек, Қазақстан ерлер құрамасы 1994 жылдан бері 45 алтын, 32 күміс, 37 қолаға қол жеткізген. Ең көп алтын жүлде 2013 жылы қоржынға түскен. Жалпы саны – 7. Ал, бас бапкер айтқан басты қарсыласымыз Өзбекстан құрамасы бұл аралықта 54 алтын, 26 күміс, 29 қола еншілеген.

Ертең 3 желтоқсан күні шаршы алаңға үш боксшымыз көтеріледі. Алдымен ерлер арасында 48 келіде жұдырықтасатын Азия чемпионы Санжар Тәшкенбай шығады. Ол Тайбэйлік Лаи Ян-Линмен жұдырықтасады. Артынша Аида Әбікеева өзбек боксшысымен, Милана Сафронова тайбэй қызымен сынға түседі.