Футзал: Ұлттық құрама Албаниямен кездеседі
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының 2026 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алдағы екі кездесуге қатысатын ойыншылар тізімі белгілі болды, деп хабарлайды 24kz.
Ел құрамасы алтыншы топта Армения, Дания және Албаниямен шеберлік байқасады. Жерлестеріміз алдымен 13 желтоқсанда сырт алаңда Албаниямен кездессе, 18 желтоқсанда өз алаңында Арменияны қабылдайды. Бас бапкер Рикардо Кака аталған екі құрамаға қарсы тізімге 17 ойыншыны енгізді. Олардың арасында Лео Игита Біржан Оразов сынды тәжірибелі ойыншылар мен Нұрмұхаммед Исмаилов, Ержан Карменов сынды жастар бар. Іріктеу кезеңі 2025 жылдың 12 наурызына дейін жалғасады. Топ жеңімпазы Еуропа чемпионатына тікелей жолдама алады. Екінші орын алғандардың ішінен 8 үздік құрама өтпелі матч ойнайды.
Дамир Исмағұлов пен Жалғас Жұмағұлов бокс турниріне қатысады
Аралас жекпе-жек шеберлері Жалғас Жұмағұлов пен Дамир Исмағұлов 20 желтоқсан күні Астанада өтетін бокс кешіне қатысады. UFC-дің бұрынғы өкілдері бразилиялық және норвегиялық қарсыластарымен жұдырықтасады. Жарыс шеңберінде тағы бір қазақстандық былғары қолғап шебері Дәулет Дәукенов эквадорлық Марлон Агуаспен кездеседі. Арнайы шақырылған қонақтар қатарында бокстан әлемнің бұрынғы абсолютті чемпионы кіші Рой Джонс пен аргентиналық экс-чемпион Маркос Майдана қатысады. Турнирде 9 жұп кездеседі.
Жалғас Жұмағұлов, аралас жекпе-жек шебері:
- Спортымызды дамыту үшін қолдан келгенше аянбай жұмыс істейміз. Жастарды ынталандыру үшін бокс ережесі бойынша жұдырықтасудан бас тартпадым. Адамның қолынан бәрі келетінін дәлелдегім келеді. Мен өзіме сенімдімін. Соңына дейін күресемін.
Волейбол: «Жетісу» көш басына шықты
Жетісу көш бастады. Өскеменде волейболдан әйелдер арасында өтіп жатқан ел чемпионатының екінші турында орталық кездесу «Жетісу» мен «Берел» арасында болды. Сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын талдықорғандықтар бірінші турда өскемендіктерге 2:3 есебімен есе жіберген еді. Бұл жолы турнир кестесінде құйрық тістесіп келе жатқан қос команда қай мықтыны анықтады. Алғашқы екі кезеңде талдықорғандықтар 25:12, 25:19 есебімен басымдық танытты. Бұдан кейін алаң иелері бір партияны өз есептеріне жазды. Бірақ одан әріге шамасы жетпеді. Жалпы есеп – 3:1.Осылайша, «Жетісу» 32 ұпаймен қайта көш басына шықты. Өскемендіктер 31 ұпаймен екінші орында тұр.