Ақмарал Науатбек «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атанды

Ауыр атлетикадан Бахрейнде өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті, деп хабарлайды 24KZ. 81 келі салмақта сынға түскен жерлесіміз Алексей Чуркин қоссайыс қортындысы бойынша 368 ұпай жинап, дүниежүзілік жарыстың күміс жүлдегері атанды.

Гандбол: ұлттық құрама Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды

Гандболдан Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатқан сары құрлық бәсекесінде Қазақстан әйелдер құрамасы үздік үштікті түйіндеді. Топтық кезеңде ел құрамасы А тобында сынға түсті. Бұл кезеңде Қытайды 28:26, Сингапурды 38:7 есебімен тізе бүктірді. Ал жартылай финалда Жапониядан 23:30 есебімен жеңіліп қалды. Үшінші орын үшін өткен кездесуде отандастарымыз Иран құрамасын 28:22 есебімен ұтты. 2021 жылы да екі ел қола жүлдеге таласқанда Қазақстан басым түскен болатын. Бұл біздің құраманың Азия чемпионатындағы төртінші жүлдесі. Бұрымдылар 2002, 2010 жылдары Азия чемпионы атағын жеңіп алса, 2021 жылы қола жүлдегер атанды.

 

Қайраткерге құрмет

Астанада мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың туғанына 90 жыл толуына орай «Қайраткер тұлға» атты республикалық конференция өтті. ҚР Туризм және спорт министрлігіне қарасты «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының» ұйымдастыруымен өткен іс-шараға Қаратай Тұрысовтың замандастары жора-жолдастары, қоғам қайраткерлері мен спорт ардагерлері және немерелері мен зайыбы Әскергүл Жамбайбекқызы қатысты. Басқосуда ел тарихындағы тұлғалы азамат Қаратай Тұрысұлының кейінгі жастарға қалдырған мол мұрасы, ғибраты мол өнегелі өмір жолы жайлы мәнді де мағыналы естеліктер айтылып, баяндамалар жасалды. «Тәуелсіз қазақ елінің тұңғыш дене шынықтыру және спорт министрі болған Қаратай Тұрысұлының қазақ спортына, соның ішінде қазақ спортшыларына жасаған игі істері тарихта мәңгі қалады», – дейді мамандар.

 

Ауыс-түйістер

Ел спортында біршама ауыс-түйістер болды. Қазақстан жеңіл атлетика федерациясын біраз жылдан бері басқарып келген Даниал Ахметов өз орнын босатты. Енді жеңіл атлеттерді осы саланың жілігін шағып майын ішетін Ольга Рыпакова басқарады. Лондон Олимпиадасының чемпионы ел спортында беделі биік тұлға. «Ольга қыз енді осы саланың абыройын арттыра түседі деп сенемін», – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов. Сондай-ақ ауыр атлеттер федерациясын 10 жылға жуық басқарған Жанат Түсіпбековтың орнына Гаджи Гаджиев тағайындалды. 

 

Е. Сметов «Жылдың үздік дзюдошысы» марапатына үміткер атанды

Халықаралық дзюдо федерациясы 2024 жылғы IJF Judo Awards марапатына үміткерлердің тізімін жариялады. Бұл марапат спорттық маусымның қорытындысын шығарады. Олимпиада чемпионы Елдос Сметов «Ерлер арасындағы жылдың үздік дзюдошысы» марапатына үміткер болды, ал Ғалымжан Қырықбай «Үздік иппон» номинациясына ұсынылды. «Ерлер арасындағы жылдың үздік дзюдошысы» марапатына үміткер ретінде Париждегі Олимпиада ойындарының жеті жеңімпазы кірген. Ал «Үздік иппон» номинациясында 20 дзюдошының ең үздік техникасы іріктелген. Дауыс беру 10 қаңтарға дейін жалғасады. Марапаттар 2025 жылы өтетін Paris Grand Slam турнирі аясында табысталады.

 

Ақмарал Науатбек «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атанды

Ақмарал Науатбек «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атанды. Сыйлықты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады. Ақмарал – Қазақстан тарихындағы пара дзюдодан әйелдер арасындағы тұңғыш әлем және Паралимпиада чемпионы. Отандасымыз Париж төрінде 48 келіге дейінгі салмақта бақ сынап, ақтық сында франциялық Сандрина Мартинеден айласын асырған болатын. «Дарын» жастар сыйлығы – әртүрлі салада, әсіресе спорт, өнер, білім және қоғамда айтарлықтай жетістікке жетіп, елдің мақтанышына айналған 35 жасқа дейінгі жастарға берілетін мемлекеттік сыйлық. Оны 2023 жылы спорт номинациясы бойынша еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан мен джиу-джитсудан жеті дүркін әлем чемпионы Жібек Құлымбетова да иемденген болатын.

 

Волейбол: ел чемпионатының екінші туры аяқталды

Волейболдан Өскеменде өтіп жатқан әйелдер арасындағы ел чемпионатының екінші туры аяқталды. Соңғы күні фавориттердің бәрі де жеңіске жетті. Сербиялық Марко Гршич жаттықтыратын «Жетісу» «Ақтөбені» 3:0 есебімен ұтып, турнир кестесінде 38 ұпаймен көш бастады. Алаң иелері «Берел» «Ертісті» 3:0 есебімен қапы қалдырып, ұпай санын 36-ға жеткізді. Ал Нұрлан Садықов баптайтын «Қарағанды» да Оралдың «Грация KZ» клубын 3:0 есебімен жеңіп, 33 ұпаймен үшінші орынға көтерілді. Ел чемпионы «Тұран Қуанышқа 2:3 есебімен жол беріп, төртінші сатыға ығысты. Түркістандықтар 25 ұпаймен бесінші орында.