Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан әлем чемпионы атанды
Нұрғиса Әділетұлы әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды 24kz.
Ауыр атлетикадан Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан біріншілікте жерлесіміз 96 келі салмақта сынға түсті. Қоссайыстың қорытындысымен ол 388 келіні бағындырды. Нәтижесінде жеңіс тұғырына көтерілді. Одан 1 келі аз көтерген грузиялық Реваз Давитадзе екінші орынға табан тіреді. Ал үздік үштікті ирандық Али Алипур түйіндеді.
Айта кетейік, бұдан бұрын ел құрамасынан Алексей Чуркин күміс жүлдегер атанған. Ал, байрақты бәсекеде ел намысын қорғауға 15 атлет атанған болатын.
Нұрғиса Әділетұлы, әлем чемпионы:
- 2014 жылы Жасұлан Қыдырбаев Алматыдағы әлем чемпионатында алтын алған еді. Араға 10 жыл салып мен сол жетістікті қайталадым. Отбасыма, қазақ еліне, мен үшін дұғада болғандардың барлығына алғыс білдіремін. Азия чемпионатынан кейін 2 жылға жуық демалдым. Әлем біріншілігіне үш ай қалғанда дайындықты бастадым. Еңбегім ақталды.