Павлодарда «Спорт арқылы өмір жолына» пилоттық жобасы басталды
Павлодарда Балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін «Спорт арқылы өмір жолына» атты пилоттық жоба басталды. Осы жоба аясында бүгін Кенжекөл отбасылық балалар үйінің жанынан үш бірдей зал ашылды. Ол: ұлттық спорт бойынша тоғызқұмалақ және олимпиадалық спорт түрлерінен, бокс пен дзюдо залы. Жаңа бастамаға облыстық спорт басқармасы ұйытқы болған.
Кенжекөл отбасылық балалар ауылында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 70 бала тәрбиеленіп жатыр. Оларға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Енді, міне, жасөспірімдердің спорттағы қабілетін ашуға жаңа жоба әзірленді. Басымдық олимпиадалық спорт түрлеріне берілген.
Азамат Имашев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Бұл жерде балалар спортпен айналысқаннан кейін ары қарай интернатқа түседі. Спорт мектебіне қабылдаймыз. Одан кейін интернатқа барады, интернаттан кейін колледжде оқып, ары қарай үлкен жарыстарға қатысып, сол өмір жолында спортты таңдаған жеткіншектер үшін үлкен бір жақсы жоба.
Жергілікті спорт федерацияларының көмегімен жаттығу залдары жабдықталып, спорттық киімдер мен құрал-жабдықтар алынды. Кәсіби білікті жаттықтырушылар таңдалыпты.
Мейірхат Жүсіпов, дзюдодан жаттықтырушы:
- Олар грэпплинг сияқты аралас жекпе-жекпен үш жылдай айналысады. Біз олимпиадалық спорт түрлерінің ашылуын күттік. Ол бокс, дзюдо. Олимпиада – ол олимпиада, оған тыңғылықты дайындық керек.
Айжан Шамғалиева, Кенжекөл отбасылық балалар ауылының басшысы:
- Біз үшін өте маңызды жоба. Өйткені қаладан алыс тұрамыз. Облыстық спорт басқармасының бастамасымен біздің мекеменің жанында олимпиадалық спорт түрлері дамитын болды. Өте қуаныштымыз.
Кенжекөл отбасылық балалар ауылында спортқа ынталы жастар баршылық. Олар қабілетіне қарай спорт түрлерін өздері таңдайды.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков.