Әлем чемпионаты: Ұлттық құрама ауыр атлетикадан екінші алтын алды
Қазақстандық зілтемірші Артем Антропов ауыр атлетикадан Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында алтын медаль иеленді, деп хабарлайды 24kz.
Бұл Ұлттық құраманың Бахрейн біріншілігіндегі үшінші медалі. Антропов 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ол қоссайыс бойынша 400 келіні бағындырып үздік нәтиже көрсетті. Катар спортшысы күміс жүлдегер атанды. Ал, испаниялық атлет үшінші орынға жайғасты. Бұған дейін Манамада Алексей Чуркин 81 келі салмақта күміс жүлде жеңіп алса, 96 келідегі Нұрғиса Әділетұлы әлем чемпионы атанған еді.
Артём Антропов, ауыр атлетикадан әлем чемпионы:
- Бүкіл Қазақстанды осы жеңісімен құттықтаймын, кеше Нұрғиса Әділетұлы бірінші орынға ие болды, осылайша, 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатындағы ерлер құрамасының тарихи жетістігін қайталадық. Алдымен Жасұлан Қыдырбаев жеңіске жеткен, сосын келесі күні Илья Ильин өзінің мықтылығын дәлелдеді, сондықтан мен өте қуаныштымын. Оның үстіне бір жарым жарыстарға қатысқан жоқпын. Өзге жігіттер сияқты мен де биік тұғырға көтерілдім.