Ақтөбедегі Футбол академиясының шәкірттері алғаш рет халықаралық жарысқа барады

Ақтөбедегі Футбол академиясының тәрбиеленушілері алғашқы халықаралық жарысқа дайындалып жатыр.

Жас спортшылар Өзбекстанда өтетін байрақты додаға қатысады. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі үш ай бұрын ашылды. Жаңа спорт нысанының тыныс-тіршілігімен өңірдегі жұмыс сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев танысқан болатын. Ел Президентімен жүздескен жас спортшылардың кезекті жаттығуында арна тілшілері болып қайтты.

Бұрын Ақтөбеде мұндай спорттық нысан болмаған. Академияда балалар жылдың төрт мезгілінде футбол ойнауды үйрене алады. Әсіресе қыста жаттығу қолайлы. Халықаралық стандартқа сай төселген алаңнан бөлек оңалту, ем-дом жасау және жаттығу залдары бар. 

Асанәлі Сақтағанов, оқушы:

- ОДЮШОР-да далада ойнадық. Осы манеж салып болғасын жазда сияқты жүрміз ғой. Футболка-шортымен, гетрымен. Условия бар. 

Өңірге жұмыс сапары кезінде футбол академиясына арнайы бас сұққан Президент 10-11 жасар жеткіншектермен жүздесті. Жас футболшыларға сәттілік тілеп, жаттықтырушыларға балаларды зиянды әрекеттерден қорғау үшін оларды спортқа тартудың маңызы зор екенін айтты. Мемлекет басшысының қолынан сыйлық алып, бірге суретке түскен Илья Шахрай болашақта кәсіби спортшы болғысы келетінін жасырмады. 

Илья Шахрай, оқушы:

- Президентпен кездесуден үлкен әсер алдым. Бірге суретке түстік. Бұл мен үшін тарихи сәт. Болашақта «Ақтөбе» клубында ойнап, ұлттық құрамада еліміздің намысын қорғауды армандаймын. Шет елдерде өтетін жарыстарда жеңіске жетіп, Қазақстанның туын желбіреткім келеді.

Футбол академиясына 2000-нан астам үміткер құжат тапсырған. Алайда жаттықтырушылар 6 жастан 18 жасқа дейінгі 1200 баланы іріктеп алды. 

Әсемгүл Ешимова, "Футбол академиясы" облыстық бжсм директорының орынбасары:

- 45 оқу тобы бар. Яғни олар алғашқы дайындық топтары, оқу-жаттығу топтары және де сауықтыру топтары деген үш бөлімдері бар. Сонымен қатар қыздар футболында екі бөлімше бар. Ол топтарда 40-қа жуық қыздар жаттығады.

Жаңадан ашылған спорт мектебінің тәрбиеленушілері Қазақстан біріншілігіне де қатысып үлгерді. Мемлекет басшысымен жүздесуден кейін 10 жасар футболшылар арасында жарыс өтті. 

Бағдат Жасаралин, академия жаттықтырушысы:

- Шымкент қаласында 2014 жылы туылған кіші жасөспірімдер командамыз аттанған болатын. Ол жаққа 24 команда қатысып, 5-орынға ие болды. Екі ай ішінде жаман емес. Жақсы көрсеткіш.

Қазір футбол академиясының балалары кезекті жарысқа дайындалып жатыр. Жақында Өзбекстанның Бұқара қаласында байрақты дода өтеді. Жаңа спорт мектебінің жаттықтырушылары мен жас футболшылары үшін бұл алғашқы халықаралық сын болмақ.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов