Қорғаныс министрі самбо федерациясының президенті болып сайланды
Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының президенті болып сайланды, деп хабарлайды 24KZ. Бірлестіктің кезектен тыс отырысында сайлау өтті. Министрдің кандидатурасына федерация мүшелері бірауыздан дауыс берді.
Руслан Жақсылықов – дзюдодан КСРО-ның спорт шебері, республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері. Жаңа басшы алдағы жоспарымен бөлісті. Айтуынша, келер жылы самбо ТМД елдерінің әскери-спорттық ойындарының бағдарламасына және Қазақстан Қарулы Күштерінің спартакиадасына енеді. Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы әскери-спорт колледжінде самбо бөлімшесін ашу көзделген.
Руслан Жақсылықов, Қазақстанның Спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының президенті:
- Онда көпбалалы отбасы және ауыл жастарына басымдық беріледі. Самбо әскери қолданбалы спорт түрі тізіміне енгізіледі. Қарулы Күштер мен басқа да әскерде кеңінен қолданылады. Сонымен бірге елімізде Дүниежүзілік самбо федерациясымен бірлесіп, самбоны дамыту бойынша ауқымды жұмыс жоспарланып отыр.