Павлодарда студенттерді ат спортына баулитын курс ашылды
Павлодарда ат спортын дамытып отырған жалғыз клуб бар. Жылқы фермасында серуендеуге, фотосессия жасауға кәсіби үйретілген 14 ат қызмет етеді. Биыл бірінші рет технологиялық колледжбен әріптестік орнатқан клубтың алғашқы курсын бітірген ұл-қыздар өз өнерлерін ортаға салды.
Бұл аттың жасы 20-дан асып кеткен. Кезінде талай аламан бәйгеге түскен шу жүйрік бүгінгі күні ат сүйер қауымның сүйіктісіне айналған. Әсіресе балаларға жайлы екен. Волчокты тізгіндеген Иван Буборенка IT саласының маманы бола тұра, жылқы фермасында волонтерлікпен айналысады.
Иван Буборенко, волонтер:
- Біз шаруашылыққа көмектесеміз. Жылқыларды күтіп-баптаймыз. Бес күн тапжылмай кабинетте, компьютердің алдында отырамын. Ал демалыс күндері бос уақытым осында өтеді. Мен үшін бұдан асқан демалыс жоқ.
Ат спорты клубы кәсіби үйретілген жылқылармен жұмыс істейді. Жаз мезгілінде ерекше қажеттілігі бар балалар үшін иппотерапия қызметін де атқарады. Биыл алғаш рет студенттерді ат спортына баулитын курс ашқан.
Сауалнама:
- Бірінші мінген кезде өте қатты қорықтым. Өзімнің қорқынышымды жеңдім.
- Қатысқым келеді, өзіме ұнайды. Жұма күнін тосамын. Ипподромға келіп, кішкене дамуға.
Үйірмеге қатысушылар: «Ең бастысы бойымыздағы үрейді жеңдік», – дейді. Олар атқа шабуды, кедергілерден өтуді үйреніпті. Ортаға испан биімен шыққан мына екі қыз аттың құлағында ойнайды десе де болады. Клубқа үш жастан бастап келген.
Ирина Склифос, қала тұрғыны:
- Бос уақытымыздың бәрі осында өтеді. Ат спорты – жасөспірімдер үшін қызығушылыққа ие спорт түрі. Мен ары қарай дамығанын қалаймын. Біздің заманымызда балалар өздеріне пайдалы іспен айналысқаны маңызды.
Кристина Ковтун, қала тұрғыны:
- Атты өте жақсы көреміз. Үйдегі барлық заттар жылқы малымен байланысты. Галерея толған аттың суреттері. Ыдыс-аяқ, төсек, киім – бәрін сәйгүліктің элементтерімен аламыз. Менің өзіме де ұнайды.
Клуб жетекшісі Ольга Комисарованың айтуынша, жылқы фермасына келетіндердің жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды. Атқа мінуді балалар 8 жастан бастап үйренеді. Ең қарт шабандоздың жасы 86-да болған.
Ольга Комисарова, ат спорты клубының жетекшісі:
- Қазақ халқы дәстүрге бай халық қой. Сол тамаша дәстүрлердің бірі атқа міну емес пе?! Сондықтан біз оны ешқашан ұмытпауымыз керек. Жылқы – ол ерліктің, еркіндіктің символы. Атқа мініп өскен баланың рухы биік, ерік-жігері мықты болады. Мерекеде балалар үйренгендерін көрсетіп жатыр.
Алғашқы курсты бітірген колледж студенттері үйірмені ары қарай жалғастыруды көздеп отыр. Ферманы дамытуға да көмек қолын созуға дайын.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков.