Ұлытау облысында елдегі ең ірі шахмат академиясы ашылды

Жезқазғанда бес дүркін әлем чемпионы, гроссмейстер Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясының жаңа филиалы жұмысын бастады, деп хабарлайды 24kz.

Қазір осы спорт түрін дамытуға айрықша мән берілуде. Республика бойынша 8 мыңнан астам шахмат үйірмелері жұмыс істейді. Онда 270 мыңнан астам бала шұғылданады.

Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясының жаңа филиалы Жезқазғанда ашылды. Қазақстандағы ең үлкен мектептің ауданы – 900 шаршы метр. Мұнда 5-18 жас аралығындағы 1000-ға жуық жас шахматшы білім алады.

Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:

- Жансая Әбдімәлік атындағы үлкен осындай академия ашылып жатыр. Бұл осы өңірге қанша балаға мүмкіндік береді. Міне, өздеріңіз көріп отырсыздар, қаншама кабинеттер әлем чемпиондары атында жасалып, заманауи бүкіл стандарттарға сай салынған.

Шахмат академиясы «Қазақмыс» корпорациясы мен Ұлытау облысы әкімдігінің келісімі аясында салынды. Бұл жоба спорт пен білім беру саласын дамытуда ерекше маңызға ие.

Берік Балғабаев, Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) президентінің кеңесшісі:

- Шахмат академиясының Астанада немесе Алматыда емес, Жезқазғанда ашылғаны «Қазақмыс» корпорациясы басшылығының өз қызметінде әлеуметтік бағытқа көп көңіл бөлетінін айғақтайды. Болашақ чемпиондар осы жерден шығады деп сенеміз.

Александр Моисеенко, Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасының жаттықтырушысы, халықаралық гроссмейстер:

- Акамедияның дәл осындай үлкен ғимаратта ашылғанына тәнтімін. Мен өз тәжірибемде көп шахмат клубтарын көрдім, бірақ мынау ең жоғары деңгейде салынған мектеп. 3 қабатты ғимаратта балалардың дамуына барлық жағдай жасалған.

Академияның ашылуы аясында балалардың алғашқы халықаралық, командалық турнирі ұйымдастырылды. Жарысқа Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Моңғолиядан келген 100-ден астам жас шахматшы қатысты.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Еламан Мұстафа