Tennis Europe: Аңсар Ниетқалиев абсолютті чемпион атанды

Стенд атудан Қазақстан құрамасы жаңа маусымға дайындығын бастады. Қазір мергендер Эль-Кувейт қаласында оқу-жаттығу жиындарында жүр. Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметінше, жиынға 42 спортшы қатысып жатыр.

Азия ойындары: хоккейден Қазақстан құрамасы жеңіске жетті

Хоккейден Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. Қытайда өтіп жатқан Қысқы Азия ойындарының алғашқы күнінде Қазақстан әйелдер құрамасы Гонконгпен кездесті. Ойынның алғашқы кезеңінде Мунира Саяхатқызы мен Лариса Свиридова бір-бір шайбадан соқты. Ал Дильназ Саяхатқызы қарсылас қақпасына екі бірдей соққысын дарытты. Екінші кезеңде қазақстандық хоккейшілер тағы бес шайба соқты. Бұл голдарды Мәдина Тұрсынова, Анастасия Оразбаева, Дильназ Саяхатқызы, София Зубкова, Мәдина Саяхатқызы өзінің еншісіне жазды. Ал үшінші кезеңде Дария Молдабай, Мәдина Саяхатқызы, Екатерина Куценко есепті еселей түсті. Сөйтіп, қазақстандық хоккейшілер сенімді ойын көрсетіп, 12:0 есебімен жеңіске жетті. Айта кетейік, жерлестеріміз В тобында Гонконг, Таиланд, қытайлық Тайпей және Оңтүстік Корея құрамаларымен сынға түседі. Енді бұрымдыларымыз алдағы ойынын бүгін Таиландқа қарсы өткізеді.

 

ҚХЛ: «Барыс» «Амур» командасына есе жіберді

Барыс қарсыласына есе жіберді. Елордалық клуб Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын өз алаңында Ресейдің «Амур» командасына қарсы өткізді. Елордалық команданың 11 ойыншысы Қазақстан ұлттық құрамасы сапында қысқы Азия ойындарына аттанып кетті. Соның салдарынан олар соңғы екі кездесуде негізінен жастарға үміт артып отыр. «Амурға» қарсы кездесу барысында қазақстандық команда ресейлік ұжымға лайықты қарсылық көрсете алған жоқ. Өз қақпасына жауапсыз бес гол жіберіп, турнир кестесіндегі жағдайын одан әрі қиындатып алды. Енді елордалық клуб бүгін «Адмирал» командасымен шеберлік байқасады.

 

Аңсар Ниетқалиев абсолютті чемпион атанды

Аңсар Ниетқалиев Астанада өткен турнирдің абсолютті чемпионы атанды. Елордада 16 жасқа дейінгілер арасында өткен Tennis Europe турнирі аяқталды. Жас теннисшілер бақ сынаған турнирде 15 жастағы Аңсар жекелей сында қарсылас шақ келтірмеді. Финалда ол Жантөре Санжарұлынан айласын асырды. Сондай-ақ жұптық сында да Даниэль Юреклимен бірге топ жарды. Қыздар арасында Сара Хамитова соңғы бәсекеде Тамина Сәкеннен айласын асырды. Жұптық сында Ясмина Дүйсембаева мен Гүлден Азаматқызы үздік шықты.

 

Рыбакина мен Путинцева Әбу Даби турнирінде бақ сынайды

Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева Әбу Даби турнирінде бақ сынайды. Өткен жылы осы жарыста жеңімпаз атанған Рыбакина турнирде 1-ші ракетка болып тіркелген. Әлемдік рейтингіде 5-ші орында тұрған жерлесіміз жарысты екінші айналымнан бастайды. Ол алғашқы кездесуін әлемнің 62-ші ракеткасы, америкалық Кэти Волынецке қарсы өткізеді.

Әлемнің 20-шы, осы доданың 4-ші ракеткасы Юлия Путинцева да екінші айналымнан бастайды. Оның қарсыласы әлемнің 36-ракеткасы, 2023 жылғы Уимблдон чемпионы, чехиялық Маркета Вондроушова немесе рейтингіде 56-шы орындағы ұлыбританиялық Эмма Радуканудың қай жеңгені болады. Әбу Даби бәсекесі ақпанның 8-не дейін жалғасады.