Қысқы Азия ойындарының басталуына үш күн қалды

Шайбалы хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы Азия ойындарындағы алғашқы кездесуінде ірі жеңіске жетті, деп хабарлайды 24KZ. Отандастарымыз Гонконг құрамасын 12:0 есебімен ойсырата ұтты. Бүгін олар топтағы екінші матчын өткізеді.    

Қытайда 3 күннен кейін IX қысқы Азия ойындарының жалауы желбірейді. Соған қарамастан қазір кей спорт түрлерінен іріктеу кезеңдері басталып кетті. Мысалы, кеше шайбалы хоккейден әйелдер құрамасы топтық кезеңде Гонконгты 12:0 есебімен ойсырата ұтса, бүгін сағат 16:30-да екінші ойындарын Таиландқа қарсы өткізеді. Сондай-ақ ерлер құрамасы да топтағы алғашқы ойынында осы Таиландпен кездеседі.

Роман Старченко, шайбалы хоккейден ұлттық құрама мүшесі:

- Қазір Азиадада хоккейден бәсекелестік артып келеді. Әсіресе кәрістер мен қытайлықтар және жапониялық спортшылардың қарқыны жоғарылаған. Осы жолы бізге бұрынғыдан оңай болады деп айта алмаймын. Ең бастысы біз жанкүйерлер үшін ойнап, үміттерін ақтауға тырысамыз.

Ақ Азиадаға ел атынан 137 атлет барады. Олар 6 спорт түрінен 51 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазіргі құрамда құрлықтық бәсекеде топ жарған 6 спортшы бар. Басым бөлігі – хоккейшілер мен биатлоншылар. Десе де шорт-трекшілеріміз осы жолы Азия ойындарының тарихи алтынына қол жеткізеді деген үміт басым.                  

Абзал Әжіғалиев, шорт-тректен ұлттық құрама мүшесі:

- Біздің ең басты қарсыластарымыз: Корея, Жапония, Қытай елдері. Бұл елде әлем және Олимпиада чемпиондары бар. Бәсекелестік 2 есе болады. Өйткені шорт-тректегі басты қарсыластарымыз Азия елдерінде жиналып қалған. Сол себепті оңай болмайды. Бірақ біздің Қазақстан құрамасы тәжірибелі команда. Жеңіске жетуге тәжірибе жеткілікті деп ойлаймын. Харбинде жанкүйерлерімізді қуантуға тырысамыз.

Қазақстан қысқы Азия ойындарында үздік 5 елдің қатарына кіреді. Соңғы рет отандастарымыз 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өткен байрақты додада 32 медаль олжалап, 4-ші орынға табан тіреген еді.  

Кенжеш Сәрсекенова, ҚР конькимен жүгіруден мемлекеттік жаттықтырушысы:

- 4 жылда бір өтетін Ақ Азиадаға жоспар құрдым. Барлығы жоспар бойынша өтті. Спортшылар оқу-жаттығу жиынына және әлем кубогы кезеңдерінің барлығына қатысты. Әрине, бұл жарысқа әр елдің ең мықты деген спортшылары қатысады. Енді спортшыларымыздан үміт күтеміз. 

Харбиндегі сары құрлық бәсекесі ресми түрде 7 ақпанда басталып, 14-не дейін жалғасады. Қазақстан Азия ойындарына осымен 7-ші рет қатысқалы отыр.

Авторы: Мерей Қанапия.