Ел мерейін асырар «ЭКСПО» халықаралық көрмесіне Маңғыстауда 150 ерікті іріктелді. Оларға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлеп, туристерге бағыт-бағдар көрсету міндеті жүктелмек. Талапты жастар талғамы зор шетелдіктердің қалауына қарай Қазақстанның даму тарихымен де таныстыруы тиіс. Қазақстан есімін әлемге әйгілер жаһандық көрмеге қатысу – әрбір жастың арманы. Қатаң іріктеуден өтіп, бағы жанғандардың бірі – Әсемжан Калим. Аударма ісі факультетінің студенті үш тілде еркін сөйлейді. Сабақтан тыс уақытта тарихи кітаптарды оқығанды жақсы көреді. Көрме кезінде кез келген турист сауалына мүдірмей жауап береріне сенімді. Әсемжан Калим, студент: - Біз өзіміздің мәдениетімізді, тарихымызды көрсетеміз. Үш тілде де біздің Қазақстан туралы әрбір сұраққа мен жауап бере аламын. Өңірде іріктеу кезеңі былтыр басталған. Халықаралық көрмеге ерікті ретінде қатысуға 250 өтініш келіп түсіпті. Жүз студент тіл сынағынан сүрінген. Қалғаны қарашадан бастап арнайы курстардан өтпек. Атап айтсақ, алғашқы медициналық жәрдем көрсету мен төтенше оқиға кезінде дұрыс әрекет ету жолдарын меңгереді. Әділбек Шамиянов, Өңірлік жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы: - Төтенше жағдайлар қызметкерлері өрт сөндіру тәсілдерін көрсетіп, үрейге бой алдырмау жолдарын үйретеді. Бұзақылық, шабуыл кезінде дұрыс әрекет етуге полицейлер баулиды. Келер айдан бастап еріктілер Қазақстан тарихын терең меңгеру курсына қатысады. Мұнан соң бітімгерлік және конфликтология негіздерін меңгереді. Аталған дәрістер ағылшын тілінде жүреді. Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев