Қарағанды қаласында әйелдер арасында алғаш рет екі ITF W25 турнирі өтеді, деп хабарлайды Хабар 24 ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, жалпы жүлде қоры – 50 мың АҚШ доллары. Жарыстар Қарағандыда өткен жылдың күзінен жұмыс жасай бастаған жаңа теннис орталығында 18-24 және 25-31 қазан аралығында болады. Жекелей сында Қазақстаннан Гөзал Айнитдинова, Жібек Құламбаева, Екатерина Дмитриченко бақ сынайды. Сонымен қатар бірнеше жас теннисші ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алмақшы. Додаға ресейліктер, әлемнің 133-інші және 195-ракеткалары Виталия Дьяченко мен Мария Мельникова, сондай-ақ Беларусь өкілі Юлия Готовко, нидерландылық Сюзан Ламенс қатысады. Аталмыш теннис орталығы халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді. Онда 11 корт (жетеуі жабық) орналасқан.