Ақмола облысында 94 мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылады

Биыл Ақмола облысындағы 94 мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылады.

Сондай-ақ бірнешеуінде заман талабына сай сынып ашылады. Жалпы кейінгі екі жылда «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 5 мектеп жаңа үлгідегі оқу сыныптарымен жабдықталды. Бұл баланың дамуы мен оқу процесіне қалай әсер етеді?

Макинск қаласындағы Балуан Шолақ атындағы мына мектеп-лицейде қазір 600-дей бала білім алады. Мұғалімдердің айтуынша, кейінгі жылдары оқушы саны көбейіп келеді. Жалғыз қала емес, маңайдағы ауылдан келіп оқитындар да бар. Осыны ескерген мамандыр былтыр 250 миллон теңгеге 25 заманауи сынып ашты.

Азамат Қуанышев, мектеп директоры:

- Оның ішіне робототехника, STEAM-лаборатория, телестудия, акт залы, кітапхана кірді. Мектебімізге былтырдан берген жабдықтардың нәтижелері өте көп. Үздік педагогымыз шығып жатыр, республикалық, халықаралық жүлделі орындар алып жатырмыз.

Заманауи сыныппен қамтылған білім ошағының бірі Ақкөл қаласында. №3 мектептің 35 кабинеті жаңа үлгіде жабдықталды. Тың технология балалардың оқу пәндерін терең зерттеп, өз жобасын жасауға және жан-жақты дамуына мүмкіндік ашқан.

Әлия Айдарбекова, педагог-логопед:

- Бұл кабинет өте қолайлы. Біздің мектептің балалары үшін де. Өйткені логопедтік білім беруді балалар өте қажет етеді. Сондықтан осы біз мектебімізде ашқанына өте қуаныштымыз. Ата-аналарға да өте ыңғайлы.

Жансая Асатова, мектеп оқушысы:

- Маған STEAM-кабинеті ерекше ұнайды. Себебі ол жерде біз білімімізді арттырып қана қоймай, ғылыми зерттеу жүргізе аламыз. Бос уақытта арт-студияға немесе телестудияға барып, сурет саламыз, бейнероликтер жасаймыз.

Алдағы уақытта өңір мектептерінде 40 сынып жаңа үлгіде жабдықталмақ. Соның үшеуі «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының есебінен қаржыландырылады.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Аслан Әбутәліпов, Виктор Полянный.