Ақтөбеде халықаралық шахмат турнирі өтіп жатыр

Ақтөбеде «Владимир Дворковичтің мемориалы - Aktobe Open 2024» халықаралық шахмат турнирі өтіп жатыр.

Сайысқа әлемнің 21 елінен үздік үміткерлер келіп, бақ сынауда. Жарыстың жүлде қоры биыл рекордтық өсімді көрсетіп, 45 миллион теңгеге жетті. Бұл - турнирдің бас демеушісі Freedom Holding компаниясы мен Ақтөбе мыс компаниясының қолдауы арқасында мүмкін болып отыр. 

Халықаралық турнир 200-ден астам шахматшының басын қосты. Олардың арасында есімдері көпке танымал гроссмейстерлер де бар. Әсіресе, әлем бойынша үздіктер қатарынан көрініп жүрген екі бірдей ойыншы сербиялық Алексей Сарана мен ирандық Пархам Магсудлудің келуі қатысушылардың назарын аударды. 

Пархам Магсудлу, Иранның шахматтан үш дүркін чемпионы:

- Бұл турнирге қатысқаныма өте қуаныштымын. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұнда гроссмейстерлердің қатысуы жарыстың маңызды екенін білдіреді. Олармен шахмат ойнаудың өзі зор жетістік. Осындай кездесулер ойыншылардың біліктілігін көтеруге септігін тигізеді. 

Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырған сайыс шеберлер турнирі және ашық турнир болып екі бөлім бойынша өтіп жатыр. Екеуі де швейцарлық жүйе бойынша 9 турдан тұрады. Ойыншылар 45 млн теңге болатын жүлде қорын сарапқа салуда. Ал ел бойынша бүгінде шахматқа қызығушылықтың артқаны байқалып отыр. Сондықтан, жиі-жиі жарыс өткізу қолға алынған. 

Тимур Турлов, Қазақстан шахмат федерациясының президенті:

- Шахматта тәжірибе жинап өсу үшін мықты ойыншылармен кездесу өткізу қажет. Сондықтан біз федерация тарапынан өз елімізде, облыс орталықтарында көп турнирлер өткізіп келеміз. Бізде қазір мықты әйелдер және жастар құрамасы бар. Сол деңгейді сақтап, әрі қарай дамытуымыз керек. 

Шахмат фестивалі классикалық шахматтан ерлер мен әйелдер арасындағы биылғы ҚР кубогының 1-кезеңі болып табылады. Қортындысы 2 маусымда белгілі болады. Қазақстан шахмат федерациясы алдағы жазда Алматыда Азия жастарының чемпионаты мен Астанада әлем чемпионатын өткізуді жоспарлап отыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков