Әзербайжанға жылына 1,5 млн тонна мұнай экспортталады
«Теңіз» кен орнынан Әзербайжанға мұнай экспорты қарқынды жүріп жатыр.
Нақты айтсақ, жылына 1,5 млн тонна қара алтын «Баку-Тбилиси-Джейхан» құбыры арқылы шетелге жіберіледі. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мақсатында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен көрші елдің мемлекеттік мұнай кәсіпорны арасында келісім жасалған. Бұл өз кезегінде мұнай тасымалы бойынша Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға оң әсерін тигізді.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша мұнай тасымалдау «Ақтау» бас мұнай айдау станциясынан бастау алады. Көпфункциялы стратегиялық нысанның техникалық мүмкіндігі зор. Мұнда 5 сорғы стансысы, жалпы сыйымдылығы 155 мың текше метрлік бірнеше резервуар бар.
Асқар Жолдасов, «ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасының басшысы:
- Мұнай құбыры арқылы Бозашы түбегіндегі кен орындарының мұнайын қабылдайды. Бір бөлігі Ақтау порты арқылы теңізбен өтіп, танкерлермен Баку және Макачкала теңіз портына жеткізіледі. Екінші бөлігі «Өзен-Атырау-Самара» ыстық магистральдық мұнай құбыры арқылы тасымалданады.
Былтыр теміржол арқылы «Теңізшевройл» компаниясынан мұнай қабылдау жұмыстары қайта жанданды. Мамандар биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында «Теңіз» кен орнынан 490 мың тонна қара алтынды қабылдап, танкерлерге құйып, экспортқа жөнелтті. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 есе көп. 2023 жылы бұл бағыт бойынша 1 млн 57 мың тонна «Теңіз» кен орнының мұнайы экспортқа шығарылды.
Айдын Серікұлы, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС өкілі:
- Транскаспий бағытында жүк тасымалы көлемінің артуы Каспий секторында мұнай экспортының өсуіне оң әсер еткені байқалады. Оған былтырғы жыл мен биылғы жылдың өндірістік көрсеткіштері дәлел.
Президент Транскаспий халықаралық көлік бағытын Қазақстанның транзиттік, экспорттық мүмкіндігін толық іске асыруға ықпал ететін негізгі буынға айналдыруды тапсырды. Бұл тұрғыдан биыл наурызда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Әзербайжанның мемлекеттік мұнай кәсіпорнымен стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат көрші ел арқылы шығатын қазақ мұнайының транзит көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтуды көздейді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.