Шымкент тұрғындарына тегін құқықтық консультация берілді
Шымкенттіктерге тегін консультациялық қызмет көрсетілді.
Жалпыреспубликалық науқанда адвокаттар, прокурорлар мен сот орындаушылар тұрғындардың мәселелерін тыңдады. Даулы іске заң аясында нүкте қоюға көмектесіп, құқықтық кеңес берді.
Хиуаз Әлішева жер мәселесімен келіпті. Айтуынша, егістіктің бір бөлігі игерілмеген соң мемлекетке қайтарылған. Бірақ бұл шешімнен бейхабар болыпты. Бүгін заңгерлерден кеңес алып, прокурорға арызын қалдырды.
Хиуаз Әлішева, қала тұрғыны:
- 1 гектардан астам жерді алып отыр ғой. Сол жердің құнын шығарып береміз дейді. Қадағалауға аламыз деді. Осындай іс шараларды жиі-жиі өткізсе халыққа пайдасы көп болады деп санаймын.
Қала бойынша алимент төлемей жүрген әкелердің берешегі 2 млрд теңгеден асады. Акцияда жалғызбасты аналардың уәжі мен мүліктік мәселені даулап жүргендердің өтініштері қаралды. Жекелеген сұрақтарға Әділет департаментінің кеңесшілері құқықтық көмек берді.
Айнұр Исабекова, қалалық әділет департаменті басшысының орынбасары:
- Сот орындаушының әрекеттері туралы сұрап жатыр. Түсіндірмелерді талап етіп тұр. Банктік счетымды арестке қойса ол заңды ма жоқ па!? Бұл жерде ең бастысы адамдар өз мәселелері бойынша бағыттарын біліп кетіп жатыр.
Жалпы 2016 жылдан бері республикалық акцияға 8 мыңнан астам сала мамандары қатысқан. Үздік сарапшылар мен құзыретті орган өкілдері жергілікті халықтың мәселесін назарға алып, заң тәртібімен шешім қабылдауға көмектескен.
Дәурен Ерғарин, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы:
- Өз құзыреті бойынша әрбір органдарға барады. Юстиция департаменті бар, прокуратура бар, сот та осында отыр. Барлығы нотариустар, адвокаттар солардың барлығымен бірігіп, өз құзырымызға сәйкес заң тәртібінде осы сұрақтарды шешуге тырысамыз.
Акция аясында 8 жыл ішінде 165 мыңнан астам адамның өтініші қаралды. Бұл шара алдағы уақытта да жалғасын табады, дейді ұйымдастырушылар.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов