Шу ауданында мыс концентратын өндіретін кәсіпорын іске қосылды

Жамбыл облысында мыс концентратын шығаратын ірі кәсіпорын іске қосылды.

Шатыркөл кен байыту фабрикасы Шу ауданында орналасқан. Өндірісте 350-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған. Фабрика жылына 100 мың тоннаға жуық мыс концентратын өндірмек.

Қазақмыс компаниясы бұған дейін де Шу ауданындағы Шатыркөл мен Жайсан кен орындарында мыс өндірісімен айналысқан. Бірақ бар шикізатты өңдемей, Балқаштағы зауытқа жіберіп отыратын. Жаңадан ашылған фабрика жылына 1,2 млн тонна кен өңдеп, 98,6 мың тонна мыс концентратын шығарады. Соның арқасында тасымал шығыны азайып, жергілікті халыққа жаңа жұмыс орны ашылып отыр. 

Нұрахмет Нұриев, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы:

- AAEngrineering Group компаниясына алғысымды айтқым келеді. Бұл қазақстандық мердігер. Осы салада тәжірибесі мол, 17 кен байыту фабрикасын салған. Қазір осы облыстағы ционид зауытының құрылысымен айналысып жатыр. Жалпы фабриканы саларда бетон, металл сынды отандық құрылыс материалдарын барынша қолдануға тырыстық. 

Ашылуы тамыз айына белгіленген фабриканы AAEngrineering Group компаниясы уақытынан бұрын аяқтады. Мұнда әлемдегі алдыңғы қатарлы құрылғылар орнатылған. Сапалы концентрат өнімін алып үлгерді. Оның құрамында 22-23 процент мыс бар. «Қазақмыс» жобаны жүзеге асыруға 94 млрд теңге инвестиция салған. Жалпы аймақта тау-кен өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Алдағы жылдары да біраз кәсіпорын ашылмақ. 

Ербол Қарашөкеев, облыс әкімі:

- 228 млрд теңгеге 19 ірі инвестициялық жоба іске асырылады деп жоспарланып отыр. Негізі 2024-2028 жылдардың аралығында бізде 2,5 трлн теңге инвестиция тартатын 70 инвестициялық жоба іске асырылуы жоспарланып отыр. 

Инвестициялық жобалардың есебінен биыл өңірде 1 500-ге жуық жұмыс орны ашылады. Қазір Жамбыл облысында тау-кен өнеркәсібі саласында 125 кәсіпорын жұмыс істейді.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә