Елордада «Kids Expo. Балалар әлемі» жәрмеңкесі өтіп жатыр
Биыл оған 70 кәсіпкер қатысуға ниет білдірген.
Олар мектепке қажет құрал-жабдық пен киім-кешекті нарықтан біршама арзан бағада ұсынады.
Дәстүрлі "Kids Expo. Балалар әлемі" жәрмеңкесі жалғасын тапты. Биыл да бір алаңға сапалы мектеп формалары, кеңсе тауарлары, оқулықтар, бос уақыт пен үйірмелерге киетін киім-кешек, спорттық жабдықтар, т.б. топтастырылған. Әлеуметтік жәрмеңкеге 70-тен аса кәсіпкер келіпті. Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен "QazExpoCongress" ұлттық компаниясы мұрындық болды.
Дәулет Еркімбаев, "Qazexpocongress" ҰК АҚ төрағасының бірінші орынбасары:
- Барынша отандық тауарларды қамтуға тырыстық. Осындағы өнімдердің 70 пайызы Қазақстанда шығарылған. Әсіресе мектеп формалары сұраныста.
Кәсіпкерлердің өзі де балаларды мектепке тегін дайындауға атсалысты. Жәрмеңкенің ашылу салтанатында 20 шақты оқушыға қажетті оқу құралдары салынған сөмкелер табысталды. Ал сатылымға қойылған тауарлар құны нарықтан 5-15 пайызға төмен.
Динара Мұқаш, кәсіпкер:
- Бізде акция жүріп жатыр. 30 мың теңгеге егер тауар алсаңыз, любой рюкзак подарокқа.
Жәрмеңкеге келген балалар мен ата-ана да құр қол қайтпасы анық. Көпшілік шахмат бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, шығармашылық қойылымдар мен сән көрсетілімдерін тамашалай алады.
Қанат Досанов, ата-ана:
- Тауарлардан басқа мұнда тест өткізеді. Бірінші сыныпқа дайындықты тексеру үшін. Сол маңызды бізге.
Бұдан бөлек ұтыс ойындары бар. EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында өтіп жатқан жәрмеңке 18 тамызға дейін жалғасады.
Мерей Мұратханқызы, Ғалымжан Абдылахат