Жаңаөзенде «Болашақ» сарайының іргетасы қаланды
Жаңаөзен қаласында оқушылар сарайының іргетасы қаланды.
Жаңа ғимарат «Өзенмұнайгаз» компаниясының қаржысына салынады. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі, Парламент депутаттары және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания АҚ басшысы қатысты.
Жаңа нысан қаланың ажарын ашатын көрікті ғимараттардың біріне айналмақ. Балалар шығармашылығын дамытуға арналған орталықта 350 оқушы түрлі үйірмелерге қатысады деп жоспарланып отыр. Мәселен, робототехника, 3D моделдеу, компьютерлік бағдарламалар жасау сияқты бағыттар бойынша білім алады.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
- Бізді қолдаған «ҚазМұнайГаз», «Өзенмұнайгаз» басшылығына рақмет айтамыз. Жасөспірімдер біліктілігін арттырады. Жаңаөзеннің жасөспірімдері бәсеке болатындай күнге куә болайық. Тағы да құтты болсын.
Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
- Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы аясында осы шараға өңірге келіп жатырмыз. Басты мақсат – бізге тапсырған оқушылар сарайының құрылысын бастау. Салтанатты шарада өзіңіз куәгер болып жатсыздар. Бүгін депутаттар келді: Мәжіліс, Сенат, облыс басшылығы. Құрылыс мердігер мекемесі айқындалып, бүгін іргетасын салып жатырмыз.
Қазақ мұнайының 125 жылдық және «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның 60 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен бұл жиынға сала ардагерлері де қатысты.
Гүлбарам Тоқпанова, сала ардагері:
- Бүгінгі күн – қаламызда үлкен мерекелік шара. Қазақ мұнайының 125 жылдық және «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның 60 жылдық мерейтойларына орай қаламызда үлкен іс атқарылғалы тұр. Бұл – оқушылардың болашақ сарайы. Соның іргетасы қаланғалы тұр.
«Болашақ» сарайының жалпы ауданы 3000 шаршы метр болады. Ғимаратты 2025 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру көзделген.
Авторы: Достық Талғатұлы.