Шымкентте офтальмологтар тегін диагностикалық қызмет көрсетті

Шымкентте көз ауруларының алдын алу мақсатында тегін диагностикалық қызмет көрсетілді, деп хабарлайды 24kz.

Қазақ-ғылыми зерттеу институты клиникасының офтальмологтары бір күнде 400-ден астам адамды қабылдап, кеңес берді. Сонымен қатар глаукоманы емдеу, көз қарашығының торын қалыпқа келтіру мен лазерлеу технологияларына жеңілдіктер ұсынды.

Дана Әсілбекованың жанарына толық диагностикалық тексеру жасалды. Соңғы кезде көзінің қарауытуы жиілеп, көру қабілеті нашарлап кеткен. Дәрігерлер жүре пайда болған катарактаны заманауи жолмен емдеуді ұсынды.

Дана Әсілбекова, қала тұрғыны:

- Азаннан кешке дейін жұмыс істегеннен кейін кей кезде дәрігерге баруға уақыт та болмай қалады. Осындай кезде акция болғаны дұрыс деп ойлаймын. Белгілері байқалды. Айтып жатыр енді кішігірім оперция бар. Істеуге болады дейді

Көз ауруларының алдын алмаса, түрлі асқынулар пайда болады. Тексеруге келгендерге оның салдары мен уақытылы ем-домның маңыздылығы түсіндірілді. Көру қабілетінің нашарлауы ағзадағы ауруларға да тығыз байланысты.

Рүстем Ботабеков, көз аурулары клиникасының бас дәрігері:

- 400-ден аса адам қаралды. Оның барлығын көз диогностикасынан өткіздік. Көбісінде көз ауруларының алғашқы белгілері анықталды. Оның ішінде катаракта, глаукома, миопия деген аурулар анықталды. Оның барлығына кеңес берілді.

Шымкенттегі көз аурулары қазақ-ғылыми зерттеу институының клиникасында қарашықтың торын қалпына келтіру, көру қабілетін лазермен күшейту және бұдан өзге 22 түрлі операция жасалады.

Әліби Қалшабеков, операциялық бөлімнің меңгерушісі:

- Жастар арасында қазір минус өте көп. Бір операция 1 көзге лазермен 1 минут уақыт қана жұмыс істеледі. Қалған уақыттардың барлығы науқасты тұрғызу, жатқызу уақытын есептегенде 10 минут уақыт кетеді.

Алматыда орналасқан қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының құрылғанына биыл 90 жылдан асты. Елдегі бас офтальмологиялық орталықтың Астана мен Шымкентте филиалы бар. Дәрігерлер тұрғындарды Арғынбеков көшесі №54 мекенжайда орналасқан клиникада қабылдайды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы