Charity Samruk Marathon қайырымдылық марафоны аясында ₸200 млн жиналды
Елордада «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен қайырымдылық марафоны өтті, деп хабарлайды 24kz.
Одан түскен қаражат инклюзия кабинеттерін салуға жұмсалады. Биыл компания 10 кабинет салуды жоспарлап отыр.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Бүгін таңнан астаналық спортсүйер қауым Ботаника бағына жиналды. Саябақта «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен қайырымдылық марафоны өтті. Марафонға «QazaqGaz», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан теміржолы» және тағы басқа компаниялардың қызметкерлерінен құралған командалар қатысты.
Нұрлан жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
- Бүгін біз қатысушылармен және 50-ден астам серіктестердің көмегімен 200 млн теңге жинадық. Бұл ақшаны біз Астана қаласының ерекше балаларға арналған инфрақұрылым үшін жұмсайтын боламыз. Биыл біз бес мектепте инклюзия инфрақұрылымын салдық. Жаңа оқу жылының басына дейін мыңнан астам ерекше баланы тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ететін боламыз.
Марафонға қатысушылар саны жыл санап өсіп келеді. Былтыр 1200 адам жүгірсе, биыл олардың саны 3000-нан асты.
Бағдат, марафонға қатысушы:
- Организатор, бәріне рахмет. Осылай барша қауымды жинап, ұйымдастырғандарына рахмет. Міне, осындай медальға дейін мен бірінші рет көріп тұрмын. Үйге барып, музейге қойып қоятын сияқтымын ғой.
Марат Баукенов, марафонға қатысушы:
- Жүгіргенде өзім сезім керемет қой. Мынау қан жүгіреді ғой. Қан жүгіреді, ауырмаймыз. Мен мүлдем дәрігерді, күллісін білмеймін.
Камила Мұхамедина, марафонға қатысушы:
- «Самұрық-Қазына» бізге инклюзия қолдау кабинетін ашқан болатын. Және осы істі қолдау мақсатында №59 мектептен 50-ден астам мұғалім келіп отырмыз.
Марафон биыл үшінші мәрте өтіп отыр. Алдағы уақытта да жалғаса бермек. Биыл жиналған қаржыға 10 мектепте инклюзия кабинеттері жасақталады.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Мұрат Әріпханов