Оралда өңдеу өнеркәсібі жабдықтарының көрмесі өтті
Оралда ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге арналған Қытай жабдықтарының көрмесі ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Мұнда кәсіпкерлерге шағын бизнес жобаларды жүзеге асыруға қажетті қондырғылар таныстырылып, ет және сүт өндірісі, сонымен қатар құс шаруашылығы бойынша семинарлар ұйымдастырылды.
Бұл Қазақстан-Қытай кәсіпкерлерінің ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен өңдеу саласындағы екінші форум. Алғашқысы былтыр қыркүйекте өтті. Шара барысында Қытай Халық Республикасынан келген өндіріс өкілдері батысқазақстандық шаруаларға шағын бизнеске арналған құрал-жабдықтарды таныстырды.
Жао Фей, «Zhongzhi Maysen» компаниясының бас директоры:
- Біз Оралға Қытайдың Шаньдун провинциясынан екінші рет келіп тұрмыз. Көптеген жабдық алып келдік. Қазақстан нарығына кіргенімізге екінші жыл. Агроөнеркәсіп саласындағы өндіріс орындарымен тығыз байланыстамыз. Көкөніс тазалайтын, ұсақтайтын немесе жартылай фабрикат өнімдерін шығаратын қондырғыларды таныстырамыз. Былтырдан бері 4 млн доллардың өнімін өткіздік.
Көрменің ашылуында сөз алғандар кәсіпкерлікті дамытып, өндірісті өркендетуде Қытай Халық Республикасымен әріптестіктің маңызына тоқталды. Форумның білім алмасуда жаңа серіктестер тауып, өңдеу саласындағы озық технологиялармен танысуға мүмкіндік беретін іскерлік байланысты нығайтуға арналған бірегей алаң екені айтылды.
Ержан Досмақов, «Ақжайық» ӘКК басқарма төрағасы:
- Малды союдан бастап өнімдерін өндіруге дейін үлкен линиялар бар. Оны бұлар алып келген жоқ. Қазір фото-видеолармен әкеліп көрсетеді. Көрмені ашқасын кәсіпкерлермен кездесулер болады. Одан кейін кешке дейін семинарлар өткізеді. Семинарларда қандай құрылғылар бар, Қытайда қандай әкелу мүмкіншіліктері бар сол бойынша.
Сонымен қатар көрмеге «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алып, өз ісін өркендеткісі келетін кәсіпкерлер де шақырылды.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов