Семейде ет комбинаты салынады

Абай облысында ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылысы басталды, деп хабарлайды 24kz.

Нысанның іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі мен «Eurasia Agro Semey» серіктестігінің құрылтайшылары қатысты. Еуропаның озық технологиясымен жабдықталатын өндіріс орнының ерекшелігі – өнімді қалдықсыз өңдеуінде.

Австралия мен Еуропаның озық технологиясымен жабдықталатын комбинатта ірі қара, қой мен жылқы етінен сапалы шұжық, консервілер, жартылай фабрикаттар мен ет деликатестері дайындалады. Бір ауысымда 35 тонна ет өңделеді деп жоспарланған.

Қайрат Иманғажынов, бас инженер-технолог:

- Технологияда біздің қолданатын, таңдаған аспаптарымыздың барлығы Еуропаныкі. Өндіріске кіргізген кезде бүкіл дүниежүзілік сертификаттарды бәрін аламыз. Еуропаның, Қытайдың, Араб елдеріне біз түгелін экспорттай аламыз. Сол мақсатпен осы аспаптарды таңдадық. Осы технологияны таңдадық.

Берік Уәли, облыс әкімі:

- Бұл кешен өндірістік қана емес, мал шаруашылығын жүйелі дамытудың, бордақылау алаңдарын кеңейтудің, жаңа жұмыс орындарын ашуды және елді мекендердің әлеуетін арттырудың нақты, жарқын үлгісі деп айта аламыз.

Кәсіпорын тері-былғары саласына қажетті шикізат та жасайды. «Eurasia Agro Semey» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобасы 7,7 млрд теңгеге бағаланған. Комбинат іске қосылғанда 1000 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Маратбек Сушинов, Шақаман ауылының тұрғыны:

- Біз өте қуаныштымыз. Қаншама жұмыс ашылады. Айналада ауылдар бар, Шақаман, Бөкенші, Утиная фабрика, міне, солардың кісілері мәселен жұмыс істейді. 

Жоба бойынша 7 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңы дайындалған. Қазір 10 мың бас ірі қараға алаң салу үшін жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өндірістік кешен 2026 жылы тамызда іске қосылады деп жоспарланған.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов