Елордада 16 аула ашылды
Балаларды қорғау күні Астанада тағы 16 аула ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Осылайша, Сарыарқа ауданының бүлдіршіндері жазғы демалысын қызықты әрі қауіпсіз өткізе алады. Тұрғын үй аулаларында спорт алаңдары да жаңартылып жатыр.
Сарыарқа ауданының бүлдіршіндері бүгінгі мерекеге орай шат-шадыман көңіл күйге бөленді. Өйткені тұрғын үй маңындағы аулалар мен ойын алаңдарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңа жұмсақ жабын төселіп, футбол алаңдары жабдықталды. Бұл игі жобалар өз бастамаларын іске асыруға елеулі үлес қосқан тұрғындардың өтініштері негізінде іске асырылды.
Жанасыл Шаукентаев, Сарыарқа ауданының әкімі:
- Бұл жоба халықтың қатысуы арқылы берген өтініштері негізінде қай жерде сұраныс бар, сол аулаларға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халықаралық балалар күні мерекесіне орай осындай 16 жаңа ауланы тапсырғалы жатырмыз. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табады. Алда бұдан да көп аулаларды абаттандыру көзделген. Сондықтан бұл жұмысты әлі де болса, ары қарай жүргіземіз.
Ирина Чипурина, қала тұрғыны:
- Белсенді түрде дауыс беру нәтижесінде бағдарламаның жеңімпазы атандық. Бұдан былай заманауи ауламызды көргендер бұрынғыдай өткен ғасырдан қалған деп айта алмайды. Мұнда әр әткеншектен бастап жердегі тасқа дейін өзіміз таңдадық. Ал әкімдік біздің пікірімізді ескеріп, өтінішімізді жерге қалдырмады.
Жөнделген аулалардың ресми ашылуынан кейін балалар өздерінің сүйікті мультфильм кейіпкерлерімен кездесіп, ойындар мен байқауларға қатысты. Бағалы сыйлықтар алды.
Мұхаммед Болысбек, «Amanat» партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы:
- Әрине, бұл қуаныш бірінші кезекте тұрғындар үшін, сондай-ақ біздің бүлдіршіндеріміз үшін. Себебі әрбір балалар алаңқайы біздің бүлдіршіндерімізге өте жақсы көңіл күй сыйлап, жазғы уақытта өздерінің уақыттарын тиімді пайдалану үшін жақсы көңіл күй сыйлап отыр. Бұл бірінші кезекте тұрғындардың ауызбіршілігін көрсетеді.
Ауданды абаттандыру жұмыстары аулалармен ғана шектелмейді. Биыл Әзірбайжан Мәмбетов, Гёте, Ғұмар Қараш көшелері мен Республика даңғылын қайта жөндеу жоспарланған. Жаңа көше жиһаздары орнатылып, ескі жарық тіректері ауыстырылады. Қосымша жарықтандыру жүргізіледі.
Авторы: Мирлан Алтынбек