«Қазақмыс» корпорациясының майталмандары марапатталды
Елдегі тау-кен-металлургия саласының үздіктері марапатталды, деп хабарлайды 24kz.
Елордада алпауыт өндіріс ошақтарының мамандары бақ сынаған «Алтын Гефест» байқауы өтті. Дәстүрлі байқауда 15 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Лауреттар қатарында «Қазақмыс» корпорациясының бірнеше өкілі бар.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Ел қазынасын еселеген «Қазақмыс» корпорациясының өндіріс ошақтарында мыңдаған адам еңбек етеді. Мыңдаған отбасының тағдыры корпорациямен тамырласып жатыр. Тіпті еңбек династияларын да жүздеп мысалға келтіруге болады. Мәселен, Дәуеновтер әулетінің корпорациядағы жалпы еңбек өтілі – 105 жыл.
«Курсив медиа» шығармашылық тобының осы әулет туралы түсірген деректі фильмі «Алтын Гефест» байқауында топ жарды. «Тау-кен металлургия кешені туралы баспасөз бен интернет-қорындағы ең үздік журналистік жұмыс» номинациясын жеңіп алды.
Жарты сағаттық фильмде бір әулеттің өмірі арқылы шахтадан дайын мысқа дейінгі барлық өндірістік цикл көрсетілген.
Дмитрий Билык, «Курсив медиа» бас продюсері:
- Әрине, алдымен фильмнің кейіпкерлеріне алғыс білдіргім келеді. Біз шахтерлер, металлургтер, байытушылар мен ұста цехы жұмысшыларының қасында жүріп, қызығы мен шыжығы мол кәсіппен жақын таныстық. Менің түсінгенім, бұлар – жай ғана ұжым емес, бір отбасыға айналған адамдар. Сондай-ақ тамаша фильм жасап шыққан автор Гауһар Әлдибековаға ерекше ризашылығымды білдіремін.
«Мыс үшін төленетін баға: қазақстандық шахтерлер қалай өмір сүреді және жұмыс істейді» деп аталған фильм жұмысшы мамандықтарын насихаттау мақсатында түсірілді. Өндірісті күнделікті тұрмыспен байланыстыра отырып, көпшілік байқай бермейтін тұстарын көрсетуді көздеді.
Арман Тілеукен, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС PR-департаментінің директоры:
- Ең басты мақсат – мұны жастардың көруі. Жастар үшін түсірілген фильм, оқушылар, жастар үшін түсірілген. Неліктен десеңіздер, Президентіміз атап өткендей, бізде жұмыскер мамандығын әрбір жерде қолдау керек. Одан кейін қазір қарап отырсаң, салыстырмалы түрде біздің жұмыскерлердің жалақысы өте жоғары деңгейде. Сол жастарға айтатыным, қорықпау керек. Осы фильмді көріп шығып, одан кейін осы ішкі бір сезім пайда болады деп ойлаймын. Осы жұмысшы мамандыққа қорықпай баруда.
Корпорацияда қызмет ететін Бауыржан Қожабеков «Жыл байытушысы» атанды. Бауыржан Болатұлы өндірісте ширек ғасыр бойы тер төгіп келеді. Қыр-сыры мол кәсіптің майталманына айналған маман еңбек жолын кен уатушы болып бастады. «Бастысы – қиындыққа төзіп, алдыңа мақсат қоя білу керек», - дейді тау-кен саласының білгірі.
Бауыржан Қожабеков, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Байыту басқармасы тау-кен-байыту кешенінің бас байытушысы:
- Әрбір мамандық қызық қой өз бетімен. Бізге енді көбісі химия, химияны білу керек. Енді өндірістің аты өндіріс қанша дегенмен, адамның өзінің икемі болу керек деп ойлаймын. Сосын мақсаты болу керек. Мақсатсыз, білімсіз адам ештеңеге жете алмайды деп ойлаймын.
Байқау тарихында алғаш рет «Тау-кен-металлургия кешені саласындағы әйелдер» номинациясы тағайындалды. Бұл номинациядағы екі марапаттың біріне Светлана Алексеева ие болды. Светлана ханым салада 20 жылдан астам қызмет етіп келеді. Кейінгі бес жылда коммерциялық директор міндетін атқарып жүр. Осы жылдар ішінде компанияның өндіріс көлемі 4 есе өсті.
Светлана Алексеева, Қарағанды Құю-машина жасау зауытының коммерциялық директоры:
- Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Себебі тау-кен-металлургия саласында көбіне ер-азаматтар еңбек етеді. Ал нәзікжандылар қауымы өте аз. Еліміздің алпауыт компанияларының өкілдері қатысқан байқауда топ жарғаныма әлі де сене алар емеспін. Менің бүгінгі жетістігім басқа қыз-келіншектерге, жастарға өнеге болады деп ойлаймын.
Байқауда барлығы 15 номинация бойынша үздіктер анықталды. Бұлардың барлығы – өз саласының майталманына айналған мамандар. Бүгінгі тау-кен-металлургия саласының өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп, тынымсыз тер төгіп жүрген жандар.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Абдулхамит Бөлекбаев