Астанада «Студенттік премия» байқауының жеңімпаздары анықталды

Жарыс «Сервис және туризм колледжінде» ұйымдастырылған, деп хабарлайды 24kz.

Мақсат – «Заң және тәртіп» жобасы аясында жастардың құқықтық сауатын арттырып, бос уақытын тиімді өткізу. Білім ордасы белсенді студенттерді ынталандырып, өнерлі жастарды марапаттауды дәстүрге айналдырған.

«Сервис және туризм колледжінің» үздік студенттері марапатталды. Олар ән, би, поэзия өнерінде алға шығып, спорттық және білім жарыстарында жақсы нәтиже көрсеткендер.

Динара Әбілдинова, «Сервис және туризм колледжі» директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары:

- Біздің колледжде «Студенттік премия» байқауы 2022 жылдан бері өткізіледі. Оқу жылы аяқталғанда жақсы жетістіктерге жетіп, белсенді болған студенттерді марапаттаймыз. Бұл республикалық, қалалық конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары. Осы іс-шарада үздік жыл студентін де анықтаймыз.

«Студенттік премия» байқауы жыл сайын өткізіледі. Жастардың әлеуметтік жобаларымен қатар өнері, қоғамдық қызметке белсенді қатысуы, жасампаздық және көшбасшылық қасиеттері бағаланады. Барлығы 15 номинация бойынша сынға түседі.

Әйгерім Өмірзақова, Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі:

- Студенттер 20-дан астам жоба ұсынды. Тақырыптары алуан түрлі. Байқау «Заң және тәртіп» жобасы аясында жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, құқықтық сауатын арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Оқу жылы басталғанда біз барлық мемлекеттік білім беру мекемелерін осындай іс-шараларды өткізуге шақырамыз.

«Байқау қоғамдағы бейбітшілік пен тәртіпті сақтауға бірлесіп күш салудың маңыздылығын арттырады»,- дейді ұйымдастырушылар. Жиынға қала әкімдігінің, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен колледж студенттері және ата-аналар қатысты.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ернар Нысанбай