БҚО-да шегірткеге қарсы күрес жұмыстары 90% атқарылды

Батыс Қазақстан облысында биыл 326 мың гектар алқапта үйірлі және саяқ шегірткеге қарсы химиялық улау жұмыстары жоспарланған.Қазір  жұмыстың 90%-і атқарылды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл былтырғыдан 120 мың гектарға артық. Әсіресе Шыңғырлау, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарында зиянкестермен күрес қарқынды жүріп жатыр.

«Шегіртке дернәсілінің дамуы 5 кезеңге бөлінеді. Бастапқыда олар оянып, топырақ бетіне шығады. Ал 4-ші жаста қанат байлап, жолындағыны жайпап өтеді. Соған жеткізбей уласа, ауыл шаруашылығына зиян айтарлықтай азаяды», - дейді мамандар. Биыл өңірде үйірлі шегірткеге қарсы 134, саяқ шегірткеге қарсы 192 мың гектарда өңдеу жұмыстары жоспарланды.

Ерлан Орынбаев, ҚР АШМ Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің бқо инспекция басшысы:

- Қазіргі таңда биологиялық тиімділігі 90-92% құрап отыр. Казталов, Жаңақала аудандарында химиялық улау жұмыстары аяқталды. Бірақ біз техниканы жіберген жоқпыз. Олар препараттарымен дайын отыр. Егер қауіп болып қалған жағдайда біз қосымша тағы жұмыстар жүргіземіз.

Биылғы ерекшелік мердігерлер қажетті препараттарды өздері әкеледі. «Бұл зиянкеске қарсы күрестің тиімділігін арттырады», - дейді жауаптылар. Бұған дейін улау жұмыстары вентиляторлы у шашқыштар мен аэрозолды генератор, дельтапландардың көмегімен жүрсе, енді олардың қатарына дрондар қосылды. Жауапты мекеме басшыларын жинаған облыс әкімі зерттелетін алқаптар аумағын арттыруды, көрші өңірлермен тығыз байланыста болуды тапсырды.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Шегірткелердің таралып кетуіне, басқа таза жерлерге кетіп қалуына жол бермеуіміз керек. Ертең ауқымы кеңейе берсе, ол қаражатқа да үлкен әсер береді және оның бәрін өңдеу оңай болмайды. Соған мұқият көңіл аударуымыз керек. Зерттелмей қалған жерлер болмауы керек. Шама келгенше бәрін зерттеу керек.

Биыл өңірде шегіртке ұя салып кетуі ықтимал 1 миллион 200 мың гектар алқап зерттеледі. Ал жалпы зиянкеспен күреске өңірге 1 миллиард теңге бөлінді.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Э.Аюпов