Нәзік жанды ару зауытта ерлермен иық тіресе еңбек етіп жүр
Нәзік иықтағы ауыр жүк.
Қоғамның қай саласында болмасын, ауыр әрі қиын мамандықтарды меңгеріп, кәсіпорын қабырғасында ерлермен бірге иық тіресіп жүрген аруларымыз аз емес. Солардың бірі – «АрселорМиттал Теміртау» зауытының зертхана басшысы Елена Решоткина. Асқан жауапкершілікті талап ететін салада көпке үлгі болып жүрген білікті маманмен біздің әріптестеріміз кездесіп қайтты.
Елена Решоткина бала кезінен металтанушы болуды армандап, осы кәсіптің қыр-сырын меңгерген. Себебі бұл ол кезде жаңа мамандықтардың бірі еді. Алғашында университетте оқытушының көмекшісі, кейін кафедра меңгерушісі болады. Ал 2007 жылы ғылым кандидаты атанып, оны «АрселорМиттал Теміртау» комбинатындағы зертхананы басқаруға шақырады.
Елена Решоткина, металтану және дефектоскопия зертханасының басшысы:
- Күн сайын бізге ақауы бар өнімдер келеді. Біз оларды зерттеп, олқылықтың нақты қайдан шыққанын анықтаймыз. Жұмыс оңай емес. Қазір жылу электр орталықтарында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сол себепті істен шыққан құбырлар жеткізіліп жатыр.
Елена Решоткинаны – өз ісінің шебері. Саналы ғұмырын өндірісті өркендетуге арнап, осы салада әлі де жемісті еңбек етіп жүр. Жылдар бойы жинақтаған білім мен тәжірбиесін жастарға үйретеді.
Елена Решоткина, металтану және дефектоскопия зертханасының басшысы:
- Ең бастысы, кәсіпорынға енді орналасқан адам ерінбеуі керек. Әрі ол өндірістегі барлық технологияны жетік меңгеруі тиіс. Сондай-ақ білмегінін сұрап, тәжірбие алмасып отырса құба-құп. Сонда ғана ол жақсы маман атанады.
Биыл Елена Решоткина ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Бұл награда одан әрі жемісті жұмыс істеуге түрткі болды, - дейді «АрселорМиттал Теміртау» комбинатының тәжірбиелі маманы.
Авторлары: Самат Қайырденұлы.