«Бастау бизнес»: Қарағанды облысында 150 адамға грант берілді
Қарағанды облысында жыл басынан бері «Бастау бизнес» жобасымен 150 адамға 205 млн теңгенің гранты берілді.
22 қыркүйекке дейін тағы 55 адам бизнес бастау үшін қайтарымсыз грант алады. Жалпы бұл жоба сәтті болып, өңірде шағын кәсібін ашып, ісін жүргізіп отырғандар көбейді.
Кристина Вороновскаяның баласына аутизм диагнозы қойылған. Талай орталықтың табалдырығын тоздырып, баласына арналған дені дұрыс қазақтілді орталық таба алмапты. Сондықтан мемлекеттік тілде оқытатын орталықты өзі ашуға шешім қабылдайды. Жобасы сәтті болып, Кристина бүгінде ондаған баланы оңалтудан өткізеді. Ерекшелігі, әр баланы жеке-жеке қабылдайды. Өзімен тағдырлас тағы 2 ананы жұмысқа алған.
Кристина Вороновская, ABA-терапия орталығының жетекшісі:
- Қазақ тілінде оқытатын АВА терапия бойынша орталықтардың тапшылығынан ой келді, неге өзіме ашпасқа деп. Оқудан өтіп, қажетті, қазіргі таңда Мәскеудегі қосымша оқу орталығында коррекциялық педагогика мамандығы бойынша оқу оқып жатырмын және АВА терапевт болып өзім қызмет жасаймын.
Ал Ақерке бала кезгі арманын «Бастау бизнестің» арқасында шындыққа айналдырды. Қазір мың бұралған бишілерді дайындап, концерттік мерекелерде өнер көрсетеді. Көбіне ұлттық нақыштағы би өнеріне ден қойып жүр.
Ақерке Зұлқарнай, «Асылым» би тобының көркемдік жетекшісі:
- Негізі 5 жыл жұмыс істеп келеміз өзі. Өткен жылы мемлекеттік грант туралы естіп, соған қатысып көремін деп шештім. Грантқа ие болып, костюмдер тіктіріп, одан әрмен дамытуыма жақсы көмек болды.
Биыл Қарағанды облысының арнайы топтағы тұрғындарына құны 204 млн теңге болатын 150 грант берілген. Олар ұлттық жоба бойынша оқып, білімдерін жетілдірді. Бүгінде кәсібін жүргізіп отыр. Жыл соңына дейін тағы 55 адам өз бағын сынайды. Оған өтінімдер 22 қыркүйекке дейін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығында қабылданады.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.