Көкшетауда тіл жанашырлары марапатталды

Туған тілдің мәртебесін асқақтатып жүргендердің қатарында қоғам қайраткерлері, қарапайым сатушы, тіпті кондуктор да бар.

Облыс орталығында өткен мерекелік шара аясында тіл саясатын дамытып жүрген жандарға ерекше құрмет көрсетіліп, сый-сыяпат табысталды.

Милана Тарасова Көкшетаудағы жоғары оқу орнының бірінде білім алады. Болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі атанады. Былтыр ол өзге ұлт өкілдеріне арналған қазақ тілінде клуб ашты. Қазір сонда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеретін сабақтар өткізеді.  

Милана Тарасова, «Мәміле» клубының жетекшісі:

- Бізде 4 топ бар. Яғни, 100-ден аса адам келеді. Олардың басым бөлігі өзге ұлт өкілдері. Көбіне біз практикалық тұрғыда жұмыс жасаймыз, теория негізінде. Яғни, олар өзара қарым-қатынас арқылы, түрлі фильмдерді көру арқылы тілді меңгереді.

Облыс аумағында мемлекеттік тілді оқытатын осындай 20 орталық бар. Ондағы қатысушылар саны жыл санап артып келеді.

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:

- Соңғы 3 жылда тіл оқыту курстарының тыңдаушылар саны 50%-ке, ал ондағы мемлекеттік қызметшілер үлесі 54%-ке артып отыр. Мемлекеттік тілдің дамуына бизнес өкілдері мен қызмет көрсету саласындағы азаматтар да үлес қосып келеді.

Биыл алғаш рет облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығы тағайындалды. Барлық сала өкілі қатысқан байқауда үздік деп танылған 10 адам анықталды. Олардың ішінде кәсіпкерлер мен қарапайым жұмысшылар да бар.

Юрий Юрков, дүкенші:

- Қазақ тілін мен кішкентай кезімнен білемін. Себебі ауылда қазақ балаларымен бірге өстім. Қазақ тілі өте жақсы, жұмысыма керемет көмектеседі.

Шара соңында көпшілікке театрландырылған қойылым мен концерттік бағдарлама ұсынылды.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.