Алматыда «Өртеңде өнген гүл» атты тарихи кітаптың тұсауы кесілді
«Атамұра» корпорациясының демеушілігімен жарық көрген туынды халқымыздың асқақ рухты қызы Фатима Ғабитованың өмірі жайында.
Кейіпкердің естеліктерінен құралған кітап өткен ғасырдың бірінші жартысында қазақ халқының басына түскен зұлмат заман туралы тың деректермен ерекшеленді.
Сиясы кеппеген кітапқа Фатима Ғабитованың күнделіктері мен өлеңдері енген. Фатима Ғабитова 1903 жылы Қапалдағы көпес отбасында дүниеге келген. Қыздарға арналған орта мектепті бітіріп, филология факультетінде білімін жалғастырады. Оның жастық шағы тар заманмен тұспа-тұс келді. Қазақтың ардақты азаматтары Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров және Мұхтар Әуезовтың жары болды. Фатима Ғабитованың өмірбаяндық естеліктері 1930-жылдардағы қазақ зиялылары көрген ауыртпалықтың дәлелі болып табылады. 3 мың тиражбен шыққан кітаптің алғы сөзін академик Мұхтар Құл-Мұхаммед жазыпты.
Мұрат Әуезов, мемлекет және қоғам қайраткері:
- Мұхтар бауырым алғы сөз жазғаны – соның сәттілігінің себебі, өйткені Мұхтардың өзі – бір жақсы дамыған, ұлттық сана-сезімнің биік деңгейіне көтеріліп келе жатқан жігіт. Өйткені мына Фатиманың жазғандарын дұрыстап бағалау үшін, түсіну – ол тарихтың кілтін табу деген сөз.
Кітап тың деректерімен ерекше. Басылымда ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамында орын алған ұлт азаттық қозғалыс, азаматтық соғыс, ашаршылық, сталиндік репрессия сынды саяси оқиғалардың шындығы егжей-тегжейлі суреттеледі.
Рақымғали Құл-Мұхаммед, «Атамұра» корпорациясының президенті:
- Бұл кітап арқылы фильм түсірсек те немесе Мұраттанушылар, Фатима Зайноллақызының өмірін зерттеймін деушілер болса, өте көп құнды дүниелер осы кітаптың соңғы, қазір менің қолымда ұстап тұрған басылымда қамтылды.
Фатима Ғабитова туралы алғашқы кітап 1998 жылы «Атамұра» баспасынан басылып, оқырмандар арасында үлкен сұранысқа ие болған. Жаңа деректермен толыққан екінші кітап Фатима Зайноллақызының туғанына 120 жыл толуына орай жарық көрді.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов.