Қостанайда қырыққа жуық мұғалім марапатқа ие болды

Қостанайда төл мерекелері қарасаңында қырыққа жуық ұстаз түрлі марапатқа ие болды.

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты мамандық иелеріне «Еңбек ері» медалі мен «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі табыс етілді. Байқау, сынақтарда үздік деп танылғандарға облыс әкімінің грамотасы берілді.

Салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов жас өрендерге сапалы білім, саналы тәрбие берудегі жергілікті ұстаздардың жетістіктерін атап өтті. Өткен оқу жылында қостанайлық оқушылар халықаралық зияткерлік жарыстарда 20 жүлделі орынды жеңіп алған.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Қостанай облысының білім беру саласында 20 мыңнан астам педагог, тәрбиеші, өндірістік оқыту шеберлері жұмыс істейді. Соңғы екі жыл ішінде жаңа біліктілік санаттарын алған педагогтар саны 58-ден 66 процентке дейін өсті.

Облыс әкімінің мақтау қағазына ие болғандардың бірі жас ұстаз Айдана Серікбаева. Бастауыш сынып мүғалімі матемикадан «Алтын тұғыр» олимпиадасында екінші орынды иеленді. Оның шәкірттері де білім сайыстарында топ жарып жүр. Облыс әкімі сахна төрінде Айдананың ата-анасына да алғыс хат табыс етті.

Айдана Серікбаева, бастауыш сынып мұғалімі:

- Мен үшін бұл үлкен мотивация болып жатыр. Мен одан сайын жұмыс істеуге талпынып, ынталанып жатырмын. Оқушыларға білім, оған қоса тәлім тәрбие беру ол мен үшін ең маңызды.

Қостанай облысында 33 кәсіби білім беретін колледж бар. Оларда халықаралық, республикалық денгейде бірнеше жобалар жүзеге асырылып жатыр.  

Гүлнәр Өтегенова, облыстық білім басқармасының әдістемелік кабинет басшысының орынбасары:

- Біздің өңірімізде «Серіктестік алаңы» деген жоба енгізіліп жатыр. Сол жоба барысында барлық колледждер бір-бірімен қатынасып, әлеуметтік жасап, әр түрлі бағыттарда жаңа формаларды, әдістемелерді қолданып жатыр.

Білім беру жүйесін жетілдіре түсу үшін облыста 2025 жылға дейін 13 заманауи мектеп салынады. Оның сегізі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтереді.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг