Ақмола облысында Республика күні кең көлемде тойланады

Ақмола облысында Республика күніне орай 5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылады.

Оның ішінде жастар форумы, өнер фестивальдері, шығармашылық байқаулар мен экологиялық акциялар бар. Сондай-ақ мереке қарсаңында бірқатар әлеуметтік нысан ел игілігіне беріледі.

Биыл аймақта ұлттық мереке кең көлемде тойланады. Мәдени шаралар бағдарламасына қарасақ, денсаулық марафондары мен қайырымдылық акцияларға ерекше басымдық берілген. Ал осындай игі бастамаларға аймақ жастарын тарту көзделіп отыр.

Алмас Алин, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

- Облыс жастарының қатысуымен 23-25 қазан аралығында «Қыран елім –Қазақстан» атты патриоттық челлендж, «Жанашыр жүрек» қайырымдылық акциясы және «жаңа Қазақстан» экологиялық сенбілік ұйымдастырылады. Сондай-ақ түрлі форматтағы денсаулық марафондары да өтеді. Ал өңірдегі ірі сауда орындарында жәрмеңкелер мен мерекелік сатылымдар ұйымдастырылады деп күтіліп отыр.

Білім беру мекемелерінің оқушылары мен студенттері де мерекелік шаралардан қалыс қалмайды. Яғни, өңір өрендері республикалық байқаулар мен түрлі олимпиадаларға қатысуға ниетті. Жалпы ұлттық мереке орай өтетін тағылымды шаралардың жастарға берері мол.

Ботагөз Дүйсенова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Оның барлығы – оқушылардың, балалардың бойында студенттердің арасында өз еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, Республика күнінің маңыздылығын арттыруға арналған іс-шаралар. Сонымен қатар осыны тақырыптық іс-шаралар деп атасақ, одан басқа экологиялық шараларға да біздің студенттер мен жоғары сынып оқушылары қатысып жатыр.

Мереке қарсаңында өңірде әлеуметтік он нысан пайдалануға беріледі. Шалғай ауылдарда медициналық пунктер мен мәдениет үйлері ашылады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ 100-ге тарта ақмолалыққа жаңа пәтер кілті табысталады.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.