«KEGOC» акциялары саудағы шықты

Қазақстандықтардың еліміздегі жетекші энергетикалық компанияның құнды қағаздарын сатып алуға мүмкіндігі бар.

KEGOC SPO-сы аясында 2 қарашаға дейін акционер атанып, дивидент алуға болады. Бүгін компания өкілдері Ақтөбеде болашақ инвесторлармен жүздесті. Шара барысында бұған дейінгі өткен Ұлттық ІРО нәтижесі мен акционерлік қоғамның қаржылай жетістіктері сөз болды.

KEGOC акционерлік қоғамының құнды қағаздары алғаш рет 2014 жылы сатылымға шықты. 9 жылдан кейін қазақстандықтар үшін акционер атануға тағы бір мүмкіндік пайда болды. 2 қарашаға дейін брокерлер арқылы немесе «Қазпошта» бөлімшелерінде акция сатып алуға өтініш беруге болады. Инвесторларға дивидент жылына екі мәрте төленеді.

Айгүл Әкімбаева, «KEGOC» АҚ Қаржы және есепке алу жөніндегі басқарушы директоры:

- Акцияның бағасы ол кезде 505 теңгемен шыққанбыз. Енді бүгінгі баға – 1525 теңге. Сонда акцияның бағасы 3 есе өсті. 9 жыл бойы біз жылына екі рет дивидент төледік. Оның сомасы – 218 млрд теңге.

Электр энергиясын тасымалдаушы компания акцияларының бұл жолы да биржа саудасында сұранысқа ие болатындығына сенім бар. Себебі мамандар табыстың тұрақты өсімін алға тартып отыр. Мәселен, былтыр кіріс көлемі 27 млрд теңге болса, биыл 31 млрд теңгеге жетуі тиіс.

Айбек Мұқашев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Активтерді жекешелендіру және қайта құрылымдау департаментінің аға менеджері:

- KEGOC SPO-сы Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен жекешелендірудің 2021-2024 жылдарға арналған кешенді жоспарының шеңберінде жүзеге асырылып жатыр. KEGOC SPO-сының негізгі параметрлері және шарттары өз кезегінде ҚР экономикасын жаңғырту мәселелері жөнінджегі мемлекеттік комиссиямен мақұлданды.

Еліміздегі жетекші энергетикалық компания бұл жолы сатылымға 15 млн қарапайым акция шығаруды көздеп отыр. Мамандар акционер атану мүмкіндігінен қапы қалмауға кеңес береді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.