Қызылорда облысында жаңа нысандар ашылды
Қызылорда облысының Арал ауданында «Жайлы мектептің» құрылысы басталды.
Сонымен қатар тұрғын үйлер мен балабақша пайдалануға берілді. Жаңа әлеуметтік нысандардың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Аймақ басшысы ауданға сапары барысында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша да қабылдап, өзекті сұрақтарға жауап берді.
Қызылорда облысының Қамыстыбас ауылында 130 орынға шақталған балабақша ашылды. Осылайша, 2 мен 6 жас аралығындағы ауыл балалары мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтылды. Мәселені шешуге өңір кәсіпкерлері де белсенді араласып отыр, - деді облыс әкімі жаңа нысанның ашылу салтанатында.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Осы ауданның өзінде өткен жылы 4 жеке балабақша, биыл 5 жеке балабақша салынып жатыр. Мемлекет тарапынан үлкен, әсіресе жеке балабақшаларды қолдауға көңіл бөлініп жатыр. Әр балаға қазір 57 мың теңгеден қаражат төленіп жатыр. Оған қоса 1 қыркүйектен бастап жеке, мемлекеттік балабақшалардағы 6350 тәрбиешіге жалақысына тағы 30% қаражат қосылады.
Облыс әкімі әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін салынған тұрғын үйлердің де кілтін тапсырды. Ұлттық жоба аясында бой көтерген бұл пәтерлерге 100 отбасы қоныстанады.
Жұлдыз Темірханова, Арал қаласының тұрғыны:
- 2013 жылдан бастап кезектемін. 10 жыл болды. Толық емес отбасы есебінде алып отырмын. 2 балам бар. Өте әдемі, аппақ, жарқырап тұр. Өз баспанам болғанына өте қуаныштымын.
Сонымен қатар Арал қаласынан салынатын «Жайлы мектептің» құрылысы басталды. Мұнан соң облыс әкімі құқық қорғау органдары басшыларымен бірге 70-тен астам аудан тұрғынын жеке мәселелері бойынша қабылдап, өзекті сұрақтарға жауап берді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин.