Атырауда «Арманда» форумы өтті

Атырауда «Арманда» атты халықаралық білім бизнес-форумы өтті.

Оған студенттер, жоғарғы сынып оқушылары мен қоғам белсенділері қатысты. Өз ойларын ортаға салды. Форум спикерлері қоғам үшін ең өзекті тақырыптарды көптің талқысына ұсынды. Жастармен пікір алмасып, сауалдарға жауап берді.

Форум білім беру, отбасылық құндылықты сақтау, жастардың рухани және әлеуметтік дамуы туралы сауатты пікірталас өрбітетін алаң құруды мақсат етеді. Оған белгілі медиа-менеджер, тележүргізуші Арман Давлетяров, айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов және ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Ислам Байрамуковтар арнайы шақырылды.

Ислам Байрамуков, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері:

- Өзіміздің өмірдегі тәжірибемізбен бөлісу, жолымызбен таныстырып кету, бәрімізге ортақ бір-біріне саяси тұрақтылық, қоғамдық келісім, отбасыдағы татулық одан кейін салауатты өмір салтын насихаттау. Сол тақырыпта. Адам болашақты, келешекті ойлайтын болса, біріншіден, білім-ілім алу керек. Жақсылап алып тұрып мамандық алу керек.

Форумға қатысқандардың көпшілігі – жастар. Болашақ қоғамның қозғаушы күші саналатын жас толқынды не толғандырады? Мақсаты не? Осы төңіректе ой өрбіткен спикерлер тәжірибелерін ұсынып, жастардың сауалдарына жауап берді.

Еркебұлан Қайратұлы, студент:

- Форумда спикерлер өз ойын ашық жеткізуді, басқа да жақсы-жақсы кеңестер берді. Өсіп келе жатқан ұрпаққа көмегін тигізіп жатыр. Форум жастар үшін өте пайдалы. Осындай форумның көбірек болғанын қалаймын.

«Арманда» форумы шілде айында Астанада басталған. Енді барлық қалада өтеді деп жоспарланып отыр. Шараның спикерлері өздері аралаған аймақтың көрнекті жерлері мен ерекшеліктері туралы бейнебаян дайындап, әлеуметтік желіге жариялап отырады. Бұл ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін жасалып отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.