Жамбыл облысындағы жаңа мектеп орын тапшылығын шешті
Жамбылда келер жылы апатты және үш ауысымдағы мектептердің проблемасы толық шешіледі.
Жергілікті билік мәселені жаңа ағарту ошағын ашу арқылы жоямыз дейді. Солардың бірі бүгін Тұрар Рысқұлов ауданында қолданысқа берілді. Мектептің ашылуына аймақтағы әріптесім де қатысып келді.
Ағарту ошағы Құлан ауылындағы Жаңа арай тұрғын алабында ашылды. Бұған дейін шағын ауданда мектеп қажеттілігі туындаған. Осылайша, жаңа білім ұясы 4 мектептегі орын тапшылығын шешті. Оның ашылу салтанатында облыс әкімі интерактивті панель сыйлады.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
- Қымбатты оқушылар, сіздердің алаңсыз білім мен тәрбие алуларыңыз үшін осындай қолдаулар мемлекет тарапынан жалғаса береді. Болашақта мықты маман болыңыздар, соған тілектеспіз. Жаңа білім ордасы, ошағы құтты болсын. Балалар, сабақты жақсы оқыңыздар.
300 орындық оқу ордасы 1,5 миллиардтан астам теңгеге салынды. Мұнда оқушылар үшін лингафонды кабинеттер, зертхана, шахмат және коворкинг алаңдары бар. Барлық кабинет панельді теледидар мен интерактивті тақтамен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған лифт те бар. Жалпы Жамбыл облысында биыл осындай 25 мектептің құрылысы жүзеге асып жатыр.
Мейірхан Өмірбеков, білім басқармасының басшысы:
- Жылдың соңына дейін жалпы 9 мектеп, 5 қосымша құрылыс пайдалануға беріледі. Биылғы жылдың өзінде күрделі жөндеуден 17 мемлекеттік мекеме өтті. Келсі жылға 12 мектеп осы күрделі жөндеуге кіргізілгелі отыр.
Аймақта 3 апатты және үш ауысымдағы 4 мектеп бар. Олардың мәселесі келер жылы толық шешімін табады, деп мәлімдеді облыстық білім басқармасы.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев.