Ақтөбедегі орталыққа қатерлі ісікті анықтайтын жылжымалы кешендер жеткізілді
Ақтөбедегі онкологиялық орталық қызметі шалғайдағы ауыл тұрғындарына бір қадам жақындай түсті.
Өңірге қос бірдей жылжымалы медициналық кешен жеткізілген. Арнаулы көліктегі құрал-жабдықтар қатерлі ісікті дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Дәрігерлер енді көктем шығысымен облыстың алыс елді мекендеріне аттанады.
Жылжымалы медициналық кешен томосинтез функциясы бар цифрлық маммография және компьютерлік томографпен жабдықталған. Ультрадыбыстық зерттеу жүйесі ағзаны егжей-тегжейлі зерттеп, дерт ошағын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Арнаулы көліктердің құны 1 млрд 100 млн теңге.
Олжас Оразаев, Медициналық орталықтың онкологиялық қызметті үйлестірушісі:
- Ультрадыбыстық зерттеу қондырғысының мүмкіндігі мол. Адамның жүрегінен бастап қан тамырларына дейін түсіре алады. Барлығы цифрлық форматта. Компьютерлік томограф аппаратына түскен ақпаратты да қашықта отырған білікті дәрігерлар, рентгенологтарға жолдап, дер кезінде сараптама жасауға жағдай бар.
Ақтөбе облысында жылына шамамен 2 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады. Мамандар асқазан мен сүт безі, өкпенің дерті жиі кездесетіндігін алға тартып отыр. Соңғы жылдары ауруды бастапқы кезеңде анықтау жолға қойылған. Алайда шалғайдағы ауыл тұрғындарының онкологиялық скринингтен өту көрсеткіші төмен. Жаңа кешендер бұл олқылықтың орнын толтыруы тиіс.
Елдос Смайылов, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Медициналық университетінің орталық басшысы:
- Ауру айтып келмейді. Сол үшін алдын алу мақсатында бұл аппараттар бастапқы кезеңдерін біздерге әрине көрсетеді. Біздің ойымыз бойынша 23 пайызға өсіреміз. Ерте анықталған қатерлі ісіктер олардың 100 пайызға дейін емделіп кетуіне, өзінің өмір салтына келуге мұршалары бар.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражатына сатып алынған қос кешенді жергілікті мамандар зерделеп, техникалық мүмкіндігімен етене танысуға кірісіп кетті. Келер жылдан бастап медициналық көліктер онкологиялық скрининг пен профилактикалық тексерулер жүргізу үшін облыстың шалғай жатқан ауылдарына аттанады.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов