«Қыз Жібек» фильмі үлкен экранға оралды
Қазақ киносының маржанына айналған «Қыз Жібек» фильмі үлкен экранға оралды.
Жарты ғасырдан бері сыры кетсе де, сыны кетпеген классикалық картинаның жабық көрсетілімі Halyk IMAX Kinopark16 кинотеатрында өтті. Салтанатты шараға сұлулықтың символы болған Меруерт Өтекешева мен Асанәлі Әшімов қатысты. Көрсетілімнен түскен қаржы қайырымдылыққа жұмасалады.
«Қыз Жібек» жыры мен фильмі – қазақ өнерінің шоқтығы биік туындысы. Алғаш рет 1970 жылы жарық көрген туынды ұзақ жылдардан кейін үлкен экранда көрерменімен қауышты. Бүгіннен бастап еліміздегі барлық Kinopark & Kinoplexx кинотеатрларынан көрсетіледі. Бұл киножоба «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» – ғашықтар күніне арналған.
Меруерт Өтекешева, кино және театр актрисасы:
- «Қыз Жібек» фильмі – классика. Баяғыда біздің Сұлтан ағамыз режиссер осы фильмді қойып, жалпы мынау, қараңызшы, Ғабит Мүсірепов сценарий жазған. Мынау музыканы кім жазған? Нұрғиса Тілендиев. Бүкіл костюмдерін тіккен, декорация біздің Гулфайруз Исмаилова.
Классикалық картина 4 күн көрсетіледі. Осы уақыт аралығында жиналған қаражат еліміздегі су басқан өңірлерге әлеуметтік көмек ретінде аударылады. Игі бастамаға кез келген тұрғын кино көру арқылы атсалыса алады.
Азамат Сатыбалды, «Қазақфильм» АҚ президенті:
- Киноны телевизордан көру бар, ал экраннан көру мүлдем басқа. Сондықтан да осы бір әсерді қайтадан көрермендерге сыйлау бағытында біз осы жобаны жасадық және бұл тек қана басы ғана. Біз әрбір маусым сайын қазақтың алтын қорындағы киноларды бүкіл Қазақстан бойынша осы Kinopark & Kinoplexx кинотеатрларынан көрсетіп тұратын боламыз.
Бірнеше ұрпақтың жүрегінен орын тапқан «Қыз Жібек» фильмі әлі күнге көзі қарақты көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббат хикаясы халық жатқа білсе де, қайталап көруден жалыққан емес.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев.